Өткен демалыс күндері теңіз жағалауында ҚР Ұлттық ұланның 6656 әскери бөлімінің әскери оркестрі “Қазақтың баласымын”, “Елдің қорғаны”, “Қараңғы түнде тау қалғып”, “Алға, қазақ жігіттері” сияқты танымал әндер шырқады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шара барысында жалпы саны 15 композиция орындалды.
ҚР Ұлттық ұланының 6656 әскери бөлімінің оркестрі “Жеңіске 100 күн қалғанда” атты акция аясында бірнеше ай бұрын соғыс жылдарындағы әндерді халық көп жиналатын орындарда орындауды бастаған болатын. Бұл игі шара әлі де жалғасуда — оркестр музыканттары енді теңіз жағалауында және “Ақбота” саябағында өнер көрсетуде.
7 және 9 мамыр күндері әскери оркестр “Мәңгілік алау” жанында концерт беріп, тұрғындарды тағы да әсем әуенмен қуантпақ. Ал 8 мамыр күні халықаралық рейстермен келетін қонақтарды әуежайда әнмен қарсы алу жоспарланып отыр.
“Қазақстанға келген меймандар біздің бұл мерекені қалай атап өтетінімізді өз көздерімен көріп, ұлттық өнерімізбен танысса дейміз. Әсіресе “Әлия” әні мен соғыс жылдарының әйгілі шығармалары — “Смуглянка” мен “Катюша” шырқалатын болады”, – деді ҚР Ұлттық ұланы 6656 әскери бөлімінің оркестр музыканты, кіші сержант Нұргүл Танина.
Сонымен қатар, оркестр музыканттары Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлерінің алдында сүйікті әндерін орындап, ардагерлерге ерекше құрмет көрсетпек.