Астанаға Қорғаныс министрлігінің әскери бортымен қазақстандық ҰОС жауынгерлерінің сүйектері жеткізілді

1804
Фотосурет: Gov

Қазақстан Қарулы күштері әскери-көліктік авиациясының ұшағы Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер Оразғали Айболанұлы Белубаев пен Петр Капитонович Оконечниковтың мүрделерін Мәскеуден Астанаға жеткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында марқұмдардың сүйегін туыстарына табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға Ресей мен Беларусьтің Қазақстандағы елшіліктерінің өкілдері, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, құрмет қарауыл ротасының сарбаздары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, колледж студенттері және қаза тапқан жауынгерлердің туыстары қатысты.

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев атап өткендей, ҚР Қорғаныс министрлігі, «Атамның аманаты» ҚБ, Қазақстан мен шет елдердің іздестіру жасақтары соғыс жылдарында хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің тағдырын анықтау жұмыстарын жалғастыруда.

Іздеу жасақтарының еңбегінің арқасында 80 жылдан кейін соғыс кезінде із-түзсіз кеткен батырлардың есімдері қайта оралып жатыр. Табылған әрбір сарбаз – туысқандар мен ұрпақтардың жұбанышы Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев

«Атамның аманаты» ҚБ басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 271 мыңнан астам қазақстандық хабар-ошарсыз кеткенін атап өтті. Оразғали Белубаев пен Петр Оконечниковқа дейін олардың бірлестігі 19 қазақстандық жауынгердің сүйегін туған Отанына жеткізіп, әскери құрметпен жерлеуді ұйымдастырды.

Іс-шараны ұйымдастырушылар мен іздеушілерге қаза тапқан жауынгерлердің туыстары алғысын білдірді.

 – Менің ағам Петр Оконечников ұшқыш болды. 19 жасында қаза тапты. Тіпті, отбасын құруға да үлгермеді. Әкемнің айтуы бойынша, анасы бұл қайғыны көтере алмай, бірнеше жылдан кейін қайтыс болыпты. Ағамыз әкесінің, яғни менің атамның қасына жерленеді. Соғыста қаза тапқан жауынгерлерімізге туған жерден топырақ бұйырғанына қуаныштымын, – деді Петр Капитоновичтің немере інісі Игорь Оконечников.

Мұрат Молдағалиевтің айтуынша, қызыләскер Оразғали Белубаевты Ресейдегі Новгород облысының Соболево ауылында іздеу жұмыстары барысында «Находка» жасағының мүшелері тапқан. Оның жанынан белдіктер, ілгектер, қалта пышағы және медальон табылыпты. Соның арқасында оның 1908 жылы туғаны анықталды. 1941 жылдың жазында Семей облысының Өрнек колхозынан майданға шақырылған екен. 1943 жылы тамызда Новгород облысы Старая Русса дервенясы үшін болған шайқаста қаза тапқан. Оразғали Белубаевтың сүйегі Абай облысы Зубайыр ауылында қайта жерленетін болады.

8-ші авиация полкінің бортрадисі сержант Петр Оконечниковтың сүйегі Ресей Географиялық қоғамы мен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Аляска – Сібір әуе трассасының нысандарын зерттеу экспедициясы кезінде табылған.

Петр Оконечников 1924 жылы дүниеге келген. Ол Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданы Кутиха ауылының тумасы. 1943 жылы 28 тамызда «Дуглас» Си-47 ұшағында жауынгерлік тапсырманы орындау барысында апатқа ұшырады. Мүрденің жанынан ұшу карталары, сондай-ақ № 9248726 нөмірлі қазақ тілінде толтырылған комсомол билеті табылған. Петр Оконечников Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласында қайта жерленеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -