Теміртаудағы пауэрлифтинг ұлттық қауымдастығының Азия кубогына Қазақстан мен Үндістанның барлық қалаларынан мыңнан астам спортшы қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Металлургтер қаласының тумасы, жаттықтырушы Александр Макаров Азия мен Еуропа рекордтарын орнатты: әскери жатып көтеруде салмағы 187,5 кг штанга мен бицепске 115 келі снаряд көтерді.
– Әскери сығымдап көтеру классикалықтан аяқты көтеріп орындалуымен ерекшеленеді. Сүйеніп, төселіп, өзіңе көмектесе алмайсың. Осының есебінен әскери сығымдап көтеру қиынырақ, – деп түсіндірді Александр.
Оның екінші рекорды – штанганы бицепске көтеру. Александр салмағы 115 кг снарядты көтерді. Бұған дейінгі рекорд 112 келіге тең болды.
Спортшының айтуынша, белсенді жаттығу мен жарысқа дайындалу ол үшін оңай.
– Жылдар өткен сайын, бәрі пысықталған кезде, дағдылар қалыптасады, қалай және не істеу керектігін түсінесің, жаттығу жеңілдейді. Жаңа, экстремалды салмақ алу қиын, бірақ көбіне психологиялық тұрғыда ғана, – дейді пауэрлифтер.
Қазір Александр 50 жасқа таяп қалды. Білекті спортқа ол 20 жыл бұрын келген. Бастапқыда залдағы сабақтар ол үшін жай ғана хобби болатын, бірақ кейінірек толыққанды жұмысқа айналды.
– Мен ол кезде 30 жастан енді асқан едім. Бойым 181 см болғанда салмағым небәрі 63 кг болды. Маған ол кезде күштік спорт түрлерінде генетикалық тұрғыдан үлкен жетістіктерге бейім емеспін деп айтқан болатын. Бірақ мен ол кезде күзет бастығы болып жұмыс істедім және спорт залына өзім үшін бардым. Біраз уақыттан кейін зал иесі менің жаныма келіп, футболкамды шешуді сұрады. Ол маған қарап, жаттықтырушы болып жұмыс істеуді ұсынды. Мен келістім. Көп оқыдым, жаттадым. Уақыт өте келе пауэрлифтинг бойынша бірнеше чемпионды өзім тәрбиелеп шығардым, – деді Александр.
Пауэрлифтер қол жеткізген жеңісімен шектеліп қалмайтынын айтады. Алда жаңа жарыстар мен жаңа рекордтар күтіп тұр.