Қазақстан бюджетіндегі төлемдер ережелеріндегі өзгерістер: не білу қажет

1452
Фотосурет: нейрондық желі Midjourney/tengrinews.kz

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті (Департамент) Қазақстан Республикасы аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдер мен (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларына енгізілген өзгерістердің күшіне енгенін хабарлайды. Бұл қағидалар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2016 жылғы 31 тамыздағы №208 қаулысымен бекітілген, деп хабарлайды DKnews.kz.

Аталған өзгерістер Қазақстанның төлем жүйелерінің халықаралық ISO 20022 төлем хабарламалары форматы стандартына көшуіне байланысты енгізілді. Бұл стандарт 2025 жылғы 13 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен енгізілді.

Жаңа талаптарға сәйкес, бюджетке төлем жүргізу үшін төлем тапсырмасының нысанына «Нақты төлеуші» және «Ақша жіберуші» бағандары енгізілді.

Салық төлеушілердің назарына төмендегі бағандарды толтыру тәртібіне ерекше назар аудару қажет:

Заңды тұлға өз филиалы үшін бюджетке және әлеуметтік төлемдерді жүргізген жағдайда:

  • «Нақты төлеуші» бағанында төлем жүргізілетін филиалдың атауы көрсетіледі;
  • ⁠«ЖСН (БСН)» бағанында осы филиалдың БСН көрсетіледі;
  • ⁠«Ақша жіберуші» бағанында бас ұйымның БСН көрсетілсе, төлем құрылымдық бөлімшенің жеке шотына есептеледі.

Атқарушылық іс жүргізу аясында сот орындаушысы борышкер үшін бюджетке төлем жүргізген жағдайда:

  • «Нақты төлеуші» бағанында борышкердің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) көрсетіледі;
  • «ЖСН (БСН)» бағанында борышкердің ЖСН/БСН көрсетіледі;
  • Егер «Ақша жіберуші» бағанында сот орындаушысының деректемелері көрсетілсе, төлем борышкердің жеке шотына есептеледі.

Қалған жағдайларда бюджетке төлемдер «Ақша жіберуші» бағанында көрсетілген ЖСН/БСН бойынша салық төлеушінің жеке шотына есептеледі.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті төлем құжаттарын дұрыс толтырып, төлемдерді қате есептеуге және анықталмаған сомалардың туындауына жол бермеу үшін жоғарыда көрсетілген ережелерді қатаң сақтауға шақырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -