Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым нысандарын салу жобаларын жүзеге жалғасуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Үкімет Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы, Волчанка ауылында дәрігерлік амбулатория салу жұмыстарын аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 67 млн теңге бөлу туралы шешім қабылдады.
Жобаның жалпы құны 419 млн теңгені құрайды. Қаражаттың бір бөлігі бұрын Үкімет резервінен және облыстық бюджеттен бөлінген.
Бүгінгі таңда нысанның құрылысы 65%-ға орындалды. Инженерлік желілерді – сумен жабдықтау, электр энергиясы және коммуникацияларды жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Тапсыру – 2025 жылдың мамырына жоспарланған.
Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Өскемендегі гематология орталығының құрылысын аяқтауға 33,6 млрд теңге бөлген болатын.
Айта кету керек, Қазақстанда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 нысанның: медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жоспарланған. Бүгінде 467 нысанның құрылысы аяқталды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын салуға және ауруханаларды реконструкциялауға қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұдан басқа, қаржыландыру Арнаулы мемлекеттік қордан да жүргізіледі. Премьер-министр денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдікке қалған 188 медициналық нысанның құрылысына және ауруханалардың қайта құрылуына апта сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.