2025 жылғы 25 сәуірде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-мен бірлесіп, өткізу пункттерінде «CargoRuqsat» электрондық кезек жүйесінің жұмыс істеуіне қатысты автотасымалдаушылар көтерген мәселелер бойынша түсіндіру кездесуін өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Алматы қаласының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, «Қазақстанның Автомобиль Тасымалдаушылары мен Экспедиторлары Одағы» ЖК мен ЗТБ өкілдері, «Жүк көлігінің жүргізушілері мен меншік иелерінің республикалық қауымдастығы» ЖК мен ЗТБ, «Қазақстан Республикасының Халықаралық Автомобиль Тасымалдаушылары Одағы» (ҚазАТО) ЖК мен ЗТБ, «Қазақстан Республикасының ірі габаритті және ауыр салмақты жүктасымалдаушыларының Ұлттық қауымдастығы» ЖК мен ЗТБ және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар қатысты.
Кездесу барысында ЭКЖ-дағы қолданыстағы брондау жүйесіне, оның ішінде кезек қалыптастыру тәртібі мен слоттардың қолжетімділігіне қатысты жан-жақты түсініктемелер берілді.
Сондай-ақ, ЭКЖ арқылы алынатын төлемдерден түскен түсімдердің қалыптасуына қатысты мәселелер түсіндіріліп, тасымалдаушылар төлеген барлық қаражаттың мемлекеттік бюджетке түсетіні ерекше атап өтілді.
Өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Комитет осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіп, жүктерді мемлекеттік шекара арқылы өткізу процестерін оңтайландыру мақсатында Қытайдың Бас кеден басқармасымен өзара іс-қимыл жасауда. Комитет өткізу пункттері арқылы өткізілетін көлік құралдарының санын арттыруға техникалық мүмкіндіктерге ие екені айтылды, алайда қазіргі уақытта ЭКЖ-де слоттар санын көбейту Қытай тарапынан көлік құралдарын қабылдаудың шектелуіне байланысты мүмкін болмай отыр.
Сонымен қатар, жүйеде адал емес тасымалдаушыларға қатысты өтінімдерді жою жағдайы түсіндірілді. Электрондық кезек ережелерін жүйелі түрде бұзатын пайдаланушыларға ғана бұғаттау шаралары қолданылғаны және адал тасымалдаушыларға әсер етпегені, олардың жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатқаны атап өтілді.
Кездесу соңында ЭКЖ ТМД елдерінде баламасы жоқ жүйе екені, өткізу пункттері аймағындағы километрлік кептелістерді жоюды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуды және процестерді цифрландыру арқылы өткізу қабілетін арттыруды қамтамасыз ететіні айтылды.