Жезқазғанда ҚР ІІМ Ұлттық ұланының жаңа әскери бөлімі құрылды

1903
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

2025 жылғы 25 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының кейбір мәселелері туралы» қаулысы қабылданып, оның негізінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5575 әскери бөлімі - республикалық мемлекеттік мекеме ретінде құрылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Аталған әскери бөлім Ұлытау облысының Жезқазған қаласында орналасатын болады. Бөлімнің негізгі міндеті — қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.

Мекемеге қатысты мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асырушы уәкілетті орган болып Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі белгіленді.

Жаңа бөлімді қаржыландыру ІІМ-ді қамтамасыз етуге  республикалық бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылады.

Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы — ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де заңсыз әрекеттерден қорғауға арналған әскери құрылым.

Ұлттық ұланның жедел бөлімдерінің жеке құрамы еліміздің астанасында және 20 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетуді қамтамасыз етеді.

Патрульдік қызмет атқару кезінде әскери қызметшілердің негізгі міндеттері мыналар:

  • азаматтардың жеке және мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  • қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау;
  • құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, олардың жолын кесу;
  • қылмыстарды ашуға және құқық бұзушыларды ұстауға қатысу.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -