1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде түрлі этностардың салт-дәстүрлері мен мәдениеттерін дәріптеуге бағытталған мәдени-танымдық сайыс өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – көпұлтты еліміздегі этностардың бірлігі мен ынтымағын көрсету, әскери қызметшілер арасында достық пен өзара сыйластықты нығайту. Сайыс барысында әскери қызметшілер түрлі ұлттардың ұлттық киімдерін киіп, ән-күй, би өнерін көрсетіп, салт-дәстүрлері мен тағамдарын таныстырды. Қырғыз, грек, түрік, өзбек, араб және басқа да этностардың мәдениеті кеңінен насихатталды.
Іс-шараға барлық бөліністерден әскери қызметшілер қатысты. Бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы подполковник Рустам Касымбеков, Қазақстанның басты байлығы – халықтар достығы екенін атап өтіп, сайысқа белсене қатысқан жауынгерлерге алғысын білдірді.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен командалар марапатталып,бөлім командирінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарына ие болды.
Мерекелік іс-шара Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын, сонымен қатар Ұлттық ұлан қатарындағы ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты айшықтай түсті.
6698 әскери бөлімі
капитан Малика Шынжігітова