Батыс Қазақстанда көктемгі су ауыл шаруашылығына бағытталуда

2574
Фотосурет: Gov

Батыс Қазақстан облысының өзен-көлдеріне тасқын су жіберілді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Атап айтқанда, тасқын су Қамыс-Самар, Жалтыркөл, Соркөл, Орысқопа, Еділсор, Қоғалы, Итбатыр, Бірқазан, Қисыққамыс, Атпут, Тасоңғар, Сағырбай, Жаңаталап, Өтеген, Едіге, Айдын, Сары Айдын, Қаңбақты, Қазыбай-1, Қазыбай-2, Көктерек көлдері мен Мұқыр, Қоңырсай, Құйрықсай өзендеріне жіберілді.

Сондай-ақ Жайық-Көшім мен Қос өзен жүйелері арқылы 18 мың гектардан астам шабындық жер суланды. Бұл өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және шаруаларды қажетті мал азығы қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері Жайық өзенінен Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне 307 млн текше метр су жіберілді. Оның 124 млн текше метрі тасқын су. Бүгінгі таңда Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіндегі каскадты су қоймаларында 188 млн текше метр немесе 72% су жиналды.

Ал Шаған су қоймасы су тасқыны кезеңінде 100% толып, 19,1 млн текше метр су жинады. Бұл су Орал қаласының кәсіпорындарына, саяжай қоғамдары мен шаруа қожалықтарына келісімшарт негізінде беріледі.

«Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезеңі қауіпсіз өтті. Филиалға қарасты су шаруашылығы нысандары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етіп қана қоймай, оны өзен-көлдерге, жайылымдық, шабындық жерлерге бағыттады. Сондай-ақ жазғы-күзгі кезеңде жергілікті шаруа қожалықтары мен өндіріс ошақтарын сумен қамту үшін тасқын суын қоймаларға жинады» Батыс Қазақстан облысының «Қазсушар» филиалы директоры міндетін атқарушы Рауан Хусаинов

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -