«Аңсаған сәби» бағдарламасы Ақтөбе облысындағы отбасылардың өмірін қалай өзгертті, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғаннан бері Ақтөбе облысында перинаталдық денсаулық пен бала сүюді армандаған отбасыларды қолдау мәселесінде елеулі өзгерістер орын алды. Бағдарлама іске асырылған уақыттан бастап 2025 жылғы сәуір айына дейін бедеулік мәселесімен бетпе-бет келген 1365 жұпқа квота берілді.
Бүгінгі күні бағдарламаның арқасында 412 сәби дүниеге келді. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта 57 әйел квота арқылы ем қабылдап, сәби күтіп жүр.
«Аңсаған сәби» бағдарламасының жүзеге асырылуы – жай ғана статистика емес, бұл – шынайы адамдардың тағдыры, махаббат пен отбасын құруға деген ұмтылыстың көрінісі. Бағдарлама әлі де өзектілігін жоғалтпай, жалғасын табуда – биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына Ақтөбе облысына 170 квота бөлінді. Бұл көптеген жұптарға үміт сыйлап, өңірдегі демографиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Аңсаған сәби» бағдарламасы Президенттің тапсырмасымен 2021 жылы іске қосылған болатын.