Таяуда Қырғызстанның Ош қаласында қоян-қолтық спортынан Азия чемпионаты өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған байрақты бәсекеде үш жүзден астам балуан боз кілемде кім мықтыны анықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тартысқа толы додада ел намысын Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің жауынгері капитан Медет Сәметаев қорғады. Әскери қызметші жарыс барысында үш жекпе-жек өткізіп, әр белдесуде қарсыластарынан басым түсті. Нәтижесінде 97 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын иеленіп, Азия чемпионы атанды.
"Бұл Азия чемпионаты болғандықтан бұл жерден осал спортшы табылмады. Менімен күш сынасқан қарсыластарымның барлығы да ерекше дайындықпен келген. Жарыс барысында Әзірбайжан, Ресей мемлекетінен келген қарсыластарымнан басым түсіп, ақтық мәреде Қырғызстан елінің жауынгеріне жолықтым. Сайыс Ош қаласында болғандықтан қырғыз спортшысы үшін қиқулап, қолдау танытқан жанкүйерлер көп болды. Алайда, айырқалпақтылар елінде намысты бермей, Қазақстанның көк байрағын биік тұғырдан желбіреттім. сенімін ақтау үшін Сайысты ұйымдастырған шараның Ақтық сайыс мен үшін қиындыққа соқты" 5518 әскери бөлімінің қызметшісі капитан Медет Сәметаев
Аягөз қаласының тумасы мектеп қабырғасында бокспен шұғылданған. Он бес жасынан спорт әлеміне қадам басқан әскери қызметші халықаралық байрақты бәсекелерде ел намысын әлі де абыройлы түрде қорғауды мақсат тұтады. Айта кетейік, Ош қаласындағы жарысқа Медетпен бірге қатысқан 5518 әскери бөлімінің жауынгері аға лейтенант Алишер Авдонин 54 келіге дейін салмақта үшінші орынды қанжығасына байлады. Ел мерейін асқақтатқан жауынгерлерді қаруластары теміржол вокзалынан әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты түрде күтіп алды.