Қазақстанда халықтың банк салымына қатысты жаңа шектеу енгізілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) базалық лицензиясы бар банктердегі жеке тұлғалардың депозиттеріне лимит қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Сенаттағы дөңгелек үстел барысында агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлімдедіі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шектеу кімдерге қатысты болады?
Жоспар бойынша, жеке тұлғаның мерзімді және жинақ салымдарының жиынтық көлемі 10 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бұл талап тек базалық лицензиясы бар банктерге қолданылады. Мұндай банктердің ең төменгі жарғылық капиталы 10 миллиард теңгені құрайды.
«Біз банктердің жеке тұлғалардың депозиттерін шамадан тыс тартуынан туындайтын тәуекелдерді шектеуді ұсынып отырмыз. Заңды тұлғаларға бұл шектеу қолданылмайды. Ал жеке салымшылар — әлеуметтік тұрғыдан әлсіздеу топ. Банк үшін депозит – бұл міндеттеме. Сондықтан осы міндеттемелердің көлемін шектеуді ұсынамыз», — деді Қизатов Сенаттағы брифингте.
Бұл шешім не үшін қажет?
ҚНРДА өкілі бұл бастама банк секторындағы жүйелік тәуекелдердің алдын алуға бағытталғанын айтты. Әсіресе кішігірім банктер қаржылық тұрақсыздыққа ұшыраса, салымшылар алдындағы міндеттемелерін орындай алмау қаупі бар.
Сондай-ақ, бұл шара базалық лицензиясы бар банктердің депозиттерге тым жоғары пайыз ұсынып, тұрақты әрі ірі банктермен шамадан тыс бәсекеге түсуінен сақтайды.
Заңды тұлғаларға шектеу жоқ
Маңыздысы — бұл шектеу заңды тұлғаларға қолданылмайды. Компаниялар өз қаражатын бұрынғыдай еркін орналастыра алады. Бірақ жеке тұлғаларға нақты шектеу енгізу жоспарланып отыр.
Салымшылар не істеуі керек?
Егер сіздің жинағыңыз 10 миллион теңгеден көп болса және оны бір ғана банкте ұстап отырсаңыз, қаражатты әртүрлі банктерге бөліп орналастыру немесе басқа қаржы құралдарына салу жөн болады.
Қаржылық кеңесшілер мынаны ұсынады:
- Ақшаны әртүрлі банктерде сақтау;
- Ұлттық валютадағы салымдардың кірістілігі мен инфляция тәуекелдерін есепке алу;
- Бір бөлігін облигация, инвестициялық қорлар немесе криптовалюта сияқты балама активтерге салу.
Сарапшылар не дейді?
Осыған дейін Олжас Қизатов белгілі бір санаттағы азаматтарға несие мен қарыз беруді шектеу жоспары жайлы да хабарлаған болатын. Бұл бастамалардың бәрі Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын күшейтуге бағытталған кең ауқымды реформалар аясында іске асуда.
Сарапшылардың пікірінше, 10 миллион теңге — көпшілік үшін жеткілікті жоғары шектеу, сондықтан бұл жаңалық жалпы халыққа айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Дегенмен бұл — реттеуші тарапынан бақылаудың күшейіп келе жатқанын көрсетеді, әсіресе шағын банктерге қатысты.