Алматыда ұландықтар ардагерлерге құрмет көрсетті

1078
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай ҚР ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшілері «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барып, қарттар мен ардагерлерге құрмет көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілері орталық тұрғындарын Жеңіс мерекесімен құттықтап, мерекелік көңіл күй сыйлады. Ұлттық ұланның «Генерал» тобы арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, ардагерлер мен қазыналы қарттарға сый-сияпаттар табыстады.

Қазір орталықтың қызметін 300-ге жуық қарт пайдалануда. Мұнда 20-ға жуық тыл ардагері, соғыс ардагерлерінің жесірі, Ауған соғысына қатысушы, ғасыр қасіреті саналған Семей полигонының жабылуына қозғау болған «Невада-Семей» қозғалысына қатысушылар, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады.

Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ұлықбек Қараевтың айтуынша, мұндай шаралар әскери қызметшілердің рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Олар өз кезегінде аға буын өкілдеріне қамқор болуды азаматтық парыз деп санайтындарын жеткізді.

- Қазіргі уақытта ардагерлеріміз жылдан-жылға сиреп барады, ардагерлерді құрметтеу біздің борышымыз. Бұндай іс-шаралардың жастарды тәрбиелеуде де рөлі зор. Біз жас ұрпаққа тарихымызды, қанмен келген Ұлы Жеңістің маңызын осындай көзі тірі ардагерлеріміз арқылы жеткізе аламыз, - дейді подполковник Ұлықбек Қараев.

Кездесу барысында ардагерлер Ұлы Отан соғысы жылдарындағы естеліктермен бөлісіп, әскери қызметшілерге өмірлік өсиеттерін айтты. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен тарихи жадыны сақтау жолындағы маңызды қадам болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -