Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай «Батырларға тағзым» әскери-патриоттық шарасын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚазҰУ-дың Әскери кафедрасы ұйымдастырған шараға университеттен шыққан соғыс ардагерлері, тыл ардагерлері, Чернобыль оқиғасына қатысушылар, интернационалист-жауынгерлер арнайы шақырылды. Сонымен қатар университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шеруді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әскери кафедрасының бастығы, запастағы полковник Олег Уәли-Ахметұлы Ажимов бастап,
«Өз Отанын, туған жерінің тарихын білмейтін, елінің батырлары мен ата-бабаларын құрметтемейтін жастардан Отанын қорғайтын нағыз патриот азаматты тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан әр азамат елінің қорғаны болуы тиіс», – деп атап өтті.
Университет басшылығы атынан Басқарма мүшесі – қаржы-шаруашылық қызмет және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Әбдірахман Тасыбаев сөз сөйлеп, университетте білім мен ғылымды дамытумен қатар жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызына тоқталды.
Қазақстан Қарулы Күштерінің еңбек сіңірген ардагері, отставкадағы генерал-майор Владимир Бондаренко студенттерге әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде Әскери кафедраның қосатын үлесі зор екенін айтты. Салтанатты шара барысында Әскери кафедраның бірқатар оқытушылары мен қызметкерлері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректорының Құрмет грамотасы және Алғысхатымен марапатталды.
Айта кету керек, ҚазҰУ Әскери кафедрасының негізі университет құрылған кезде 1934 жылы қаланған. Бүгінгі күнге дейін кафедра 50 мыңнан астам запастағы офицерлерді даярлады. Қазіргі кезеңде Әскери кафедрада ұлдар мен қыздар 20 әскери-есептік мамандық бойынша әскери дайындық курстарынан өтіп жатыр.
Қос мерекеге арналған салтанатты шеруден кейін Әскери кафедра студенттері мерекелік қойылым жасап, әскери тақырыптарға арналған концерттік бағдарлама ұсынды.