"Менің сүйікті спортым" челленджі елорданың спорт жұлдыздарын біріктірді

1650
Фотосурет: Gov

Астана қаласының спортшылары Жеңістің 80 жылдығына арналған «Менің сүйікті спортым» атты спорттық-рухани республикалық челленджге белсенді түрде қосылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Спортшылар челлендж аясында өздерінің сүйікті спорт түрлері туралы бейнеүндеу жазып, Жеңіс рухына тағзым етті және эстафетаны басқа спортшыларға жолдады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Олардың қатарында елімізге танымал елордалық спортшылар бар: бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы әрі Азия чемпионы Едіге Емберді, Пара жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы, 2024 жылы Дубайда өткен Халықаралық Гран-при турнирінің жүлдегері, Мемлекет басшысының «Шапағат» медалінің иегері Айсұлу Сүлейменова, дарынды жас баскетболшы Илияс Сагидуллаев, құсбегіліктен ҚР чемпионатының жүлдегері Серікбекұлы Ерасыл, қазақ күресінен республикалық жарыстардың жеңімпазы Серік Нұрсұлтан, нысана көздеуден ҚР спорт шебері Алия Ашумова және садақ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Меруерт Крейбаева.

«Менің спорттағы жолым, менің ерлігім. Менің сүйікті спортым бокс, ол тәртіп және төзім. Спорт арқылы ерлік рухын жалғаймыз. Бұл челленджді Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнаймын» Данияр Елеусінов
«Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеру, салауатты өмір салтын насихаттау және жауынгерлердің ерлігіне тағзым ете отырып, спорт арқылы ұлт денсаулығына үлес қосу мақсатында 6 сәуірден бастап 9 мамырға дейін бір ай көлемінде «Менің сүйікті спортым» атты республикалық челлендж басталған болатын. Бұл челленджге Астана қаласының спортшылары мен бапкерлері белсене атсалысты» Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева

Сондай-ақ айтулы челленджге Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері мен бапкерлер құрамы да белсенді қатысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -