18 жасар қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман блиц-шахматтан Азия-2025 чемпионы атанды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Турнир Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында өтіп, құрлықтың үздік шахматшыларын жинады. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының (Kazchess) баспасөз қызметі хабарлады.
Нұрман әйелдер арасындағы есепте бірінші орынды иеленіп, қосымша көрсеткіштер бойынша басты фаворит – Валентина Гунинаны басып озды. Блиц жарысы швейцариялық жүйе бойынша өтті. Қатысушылар 3+2 уақыт бақылауымен (әр партияға үш минут және әр жүріске екі секунд қосымша уақытпен) 9 тур ойнады.
Қатысушылардың ішінде ең тәжірибелі және атақты шахматшылар ресейлік спортшылар болды. Катерина Лагно – блицтен үш дүркін әлем чемпионы әрі екі мәрте қола жүлдегер.
Валентина Гунина – екі мәрте әлем чемпионы, сондай-ақ күміс және қола жүлделер иегері. Алуа Нұрман бастапқы тізімде 11-орында тұрған және басты фавориттер қатарында болмаған еді. Турнир қорытындысы бойынша екі шахматшы – Гунина мен Нұрман 7½ ұпай жинады. Чемпионды қосымша көрсеткіш – қарсыластардың орташа рейтингі (ең әлсізін есептемегенде) анықтады. Алуаның көрсеткіші – 2237 болса, ал Гунинаныкі – 2231. Осылайша бірінші орынды қазақстандық шахматшы иеленді.
Турнирдің алғашқы жартысын Нұрман жеңіліссіз өтті. Ол қатарынан алты партияда жеңіске жетті. Сол турлардың бірінде Валентина Гунинаны қара фигуралармен жеңді. Жетінші турда Алуа Леа Гарифуллинамен тең ойнады, ал сегізінші турда қытайлық Сун Юйсиньге жол берді. Соңғы тур алдында 7 ұпаймен Гунина көшбасшы болды. Одан Нұрман, Сун және Ксения Балабаева жарты ұпайға қалып келе жатты. Бұл үш шахматшының да алтын жүлдеге үміті бар еді. Шешуші турда Нұрман Балабаевамен кездесті. Екі спортшы да үнді қорғанысындағы Пшепюрка нұсқасын таңдады.
Балабаева цейтнотқа түсіп қалды – оның сағатында небәрі 7 секунд қалған болатын. Ал Нұрманның қорында бір минутқа жуық уақыт болды. 28-ші жүрісте Ксения өрескел қателік жіберді. Нұрман ойын тізгінін қолға алып, жеңіске жеткізді. Партия 54-ші жүрісте аяқталды. Осы уақытта өткен Гунина мен
Сун Юйсинь арасындағы партия тең нәтижемен аяқталды.
Бастапқы жоспар бойынша блиц-турнир классикалық бөлім аяқталған соң, чемпионаттың соңғы күнінде өтуі тиіс еді. Алайда дәл сол күні марапаттау рәсімі мен чемпионатты жабу салтанаты да жоспарланған болатын. Екі ауқымды іс-шараны бір күнде өткізу мүмкін болмағандықтан, ұйымдастырушылар блиц-турнирді чемпионаттың ортасына – классиканың төртінші турынан кейін өткізуді ұйғарды. Алуа Нурманның бұл жеңісі қазақстандық шахмат мектебінің мықтылығын көрсетеді. Жас буын алдыңғы қатарға шығып келеді. Қазақстандық шахматшы қыздар құрлықтың үздіктерімен тайталасып, елге үлкен жеңістер әкеліп жүр.