Grand Slam 2025: Астанада 44 елдің балуандары бас қосқан ірі турнир өтті

4180
Фотосурет: Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі

Қазақстандық дзюдошылар Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирінде тоғыз медаль жеңіп алды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 әлемдік рейтингтік турнирі өз мәресіне жетті. Әлемдік доданың басты қонағы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды.

Мемлекет басшысымен бірге трибунада Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер мен Олимпиада чемпионы Елдос Сметов те жарысты тамашалады.

Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға ие болып, 3 күміс және 6 қола медаль еншіледі. Бұл — еліміз үшін аталмыш турнирдегі рекордтық көрсеткіш.

Қазақстан дзюдо федерациясы мұндай жоғары нәтижеге Мемлекет басшысының зор қолдауы, құрылымдық өзгерістер мен халықаралық үздік тәжірибелерді қолданудың арқасында қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ, Федерация басшылығы спортшыларға сәтті өнер көрсеткені үшін және жанкүйерлерге шынайы қолдауы үшін алғысын білдірді.

Үш күнге созылған айтулы жарыста Қазақстан құрамасы 3 күміс және 6 қола жүлде еншілеп, медальдық есепте 9-шы орынға тұрақтады.

Қазақстандық жүлдегерлер тізімі:

  • Ғұсман Қырғызбаев — күміс (-66 кг)
  • Ерасыл Қажыбаев — күміс (+100 кг)
  • Талғат Орынбасар — күміс (-60 кг)
  • Мағжан Шамшадин — қола (-60 кг)
  • Аман Бақытжан — қола (-60 кг)
  • Абылайхан Жұбаназар — қола (-81кг)
  • Есет Қуанов — қола (-73 кг)
  • Бақжан Байтас — қола (-100 кг)
  • Марат Байқамұров — қола (-100 кг)

Жалпы медаль кестесінде 3 алтын, 2 күміспен IJF құрамасы І орын еншілесе, 3 алтын медальмен Оңтүстік Корея құрамасы - ІІ орынға, ал ІІІ орынға 2 алтын, 4 күміс, 1 қола жүлдемен Жапония жайғасты.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өткен жарысқа әлемнің 44 елінен 358 спортшы қатысып, 14 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Қатысушылар арасында Олимпиада чемпиондары мен әлем біріншілігінің жеңімпаздары да бар.

Спортшылар үшін бұл жарыс әлем чемпионатының алдындағы соңғы Grand Slam кезеңі екенін айта кеткен жөн.

Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.

Биыл Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы елімізде үшінші рет өтті. Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -