Түркістан облысында 2024 жылдың қорытындысында өңір экономикасының басты саласы ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 116,4 млрд. теңгені құрап, өсім 106,9% деңгейінде қалыптасты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бүгінде шикізаттық сектордан қайта өңдеу өндірісін дамытудың маңыздылығы басты назарға алынып, әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай, ауыл шаруашылығында 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алынған. Атап айтар болсақ, мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд. теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 7 мың жұмыс орны ашылады. Жоба шеңберінде мақта өңдеудің толық циклін қамтитын, құны 147 млрд. теңгені құрайтын 10 ірі зауыттың құрылысы басталды.
Биыл 3 зауыт және 2 тоқыма фабрикасы іске қосылмақ. Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде суды 3-4 есе үнемдеп, мақта өнімділігін 2 есе арттыруға және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, мақта нарығында мемлекеттік реттеуді қалыптастыру мақсатында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен биыл 3 мақта өңдеу зауытын салу жобасы қолға алынды.
Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында крахмал-сірне зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде, қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде 550 жаңа жұмыс орны ашылып, жүгеріден 26 түрлі өнім шығарылатын болады.
Ет кластері бойынша жалпы 43 млрд.теңгеге 5 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, бүгінгі таңда 2 жоба іске қосылған. Жалпы көлемі 17,7 млрд.теңге инвестиция салынып, 70 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл қосымша 2 жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде жобалар толық іске қосылғанда 2026 жылға жалпы өңірлік өнім 333,4 млрд. теңгеге ұлғаяды және 6% өсімге қол жеткізіледі деп күтілуде.