Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қор) Басқармасы құрамындағы өзгерістер туралы хабарлайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қор Директорлар кеңесінің 2025 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен (№5 хаттама) Қордың Басқарма төрағасы лауазымына 2025 жылғы 6 мамырдан бастап Ашкеев Олжас Мәлікұлы тағайындалды.
Олжас Ашкеев – сақтандыру, қаржы және актуарлық талдау салаларында мол тәжірибесі бар маман. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінде жұмыс істеген, жеке сақтандыру ұйымдарында қызмет атқарып, 2022 жылғы қыркүйектен бастап Қор Басқарма төрағасының орынбасары лауазымында қызмет еткен.
Қор сақтандыру нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және сақтанушылардың мүдделерін қорғауда маңызды рөл атқарады. Қордың негізгі міндеті – таратылып жатқан сақтандыру ұйымдарының барлық міндетті және әлеуметтік маңызы бар сақтандыру сыныптары бойынша клиенттеріне сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру. Негізгі міндеттерімен қатар Қор сақтандыру өнімдерін сату үшін цифрлық сервистер құру, кәсіби актуарлық білім беруді ілгерілету және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағыттарында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Осы жылы сақтандыру нарығындағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде Агенттіктің қолдауымен және Қордың бастамасымен 2025 жылғы 18–19 тамызда өтетін Сақтандыру кепілдіктері схемаларының халықаралық форумының (IFIGS) 12-конференциясы мен Қазақстанның жыл сайынғы Сақтандыру форумы өткізілмек. Аталған іс-шараларға 25 елден келген делегациялар мен сақтандыру саласындағы жетекші халықаралық сарапшылар қатысады.
Агенттік жаңа Басқарма төрағасының тағайындалуымен Қор сақтандыру секторының орнықтылығын нығайтып, инновациялық шешімдерді енгізуді және сақтанушылардың мүдделерін тиімді қорғауды жалғастыратынына сенім білдіреді.