Білімді офицер - әскер ертеңі

1375
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Бүгінгі жастар — ел болашағының кепілі. Аспанға қара бұлт төніп, етігімен су кешер күн туса, елді қорғауға алдымен жастар кірісетіні анық. Ондай күннің болмағаны абзал, әрине. Дегенмен, әр ер азамат ел қорғауға әрдайым дайын болғаны жөн. Осындай жүрегі «Отан» деп соғатын жастардың бірі — лейтенант Қасымжомарт Рахымжан.

Ол — Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының Арнайы және әскери тасымалдар орталығының офицері. Қ. Рахымжанның өмір жолы — Отанға қызмет етуді мамандықтан жоғары қойған жас офицердің тағдыр жолы.

Қасымжомарт әскери қызметшілер отбасында дүниеге келіп, балалық шағын Сарыөзек гарнизонындағы әскери қалашықта өткізді. Қатар-қатар тізілген казармалар мен сап алаңдары оның азаматтық бейнесін қалыптастырды. Гарнизон тұрғындарының татулығы, бір-біріне деген қолдауы, ортақ қуаныш пен қиындықты бірге еңсеруі оның жадында терең сақталды. Достарының дені — офицер балалары еді. Бала күнінен тәртіпке бағынып, жауапкершілік пен еңбекқорлықты бойына сіңірді.

Күн тәртібімен өмір сүріп, спортпен айналысу, үй ішіндегі реттілік пен қарындасына қамқорлық таныту — оның күнделікті әдетіне айналды. «Болам деген баланың он бесінде басы пісер» дегендей, ата-анасының қызметтегі уақыты көп болғандықтан, ол ерте есейіп, өмірлік дағдыларды ерте меңгерді.

Он бес жасында ол болашағы туралы байыппен ойлана бастады. Сол кезде әскери бағыттағы арнайы оқу орны — «Арыстан» лицейі туралы естіп, арманына айналды. Ашық есік күні лицейге барған Қасымжомарт тәртіп пен білім үйлескен ерекше ортадан ерекше әсер алды. Архитектурасы, орналасуы, әскери тәртіп пен оқыту сапасы — бәрі оны жігерлендірді.

— «Арыстанға» түсу оңай болған жоқ. Мұнда біліммен қатар, ішкі тәртіп, төзімділік пен моральдық дайындық бағаланды. Генерал-майор Сәбит Таулановтың жетекшілігімен біз тек білім алып қана қоймай, тұлға ретінде де қалыптастық. Осы жерде жақсылық пен жамандықты айыруды, ар-намыс пен достықты бағалауды, үлкенге құрмет пен ұстанымға адал болуды үйрендім», — дейді ол.

«Арыстанды» бітірген соң, Қасымжомарт Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы А.В. Хрулёв атындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскери академиясының Әскери қатынас және теміржол әскері институтына оқуға түсіп, оны үздік дипломмен тәмамдады. Бұл жетістік оның білімге, тәртіпке, кәсіби дайындыққа деген жоғары талаптарының көрінісі болды.

Туған еліне оралғаннан кейін ол Астана қаласына жолдамамен келіп, Ұлттық ұлан сапында қызмет атқара бастады. Бүгінде ол – қызметіне шынайы адал жас офицер. Әскери формасын мақтанышпен киіп, әр күнін ел тыныштығы жолындағы міндетіне арнайды.

— «Ұлттық ұлан — жауынгерлік жанұя. Мұнда жас офицерлерді қызметтің қыр-сырына баулиды. Әсіресе, жауынгерлік қызмет Бас басқармасында ішкі қолдауды анық сезінесің. Әріптестеріме және басшылыққа алғысым шексіз», — дейді лейтенант Қасымжомарт.

Бүгінде оның ең жақын достары — «Арыстан» лицейіндегі сыныптастары. Жылдар мен сынақтардан өткен сол достық — нағыз бауырластыққа айналған.

Жас офицер өз орнын тапқанына сенімді. Қатардағы әрбір күні — таңдаған жолына деген адалдығының айғағы. Ол отбасына, ұстаздарына, тәрбиелеген командирлеріне шын жүректен алғыс білдіреді.

Оның ісі — қызмет ету. Оның мақсаты — қорғаушы болу. Оның болашағы — парызға деген адалдықта. Қасымжомарт секілді жас әрі білімді офицерлер көп болса, еліміздің іргесі берік, көк туымыз мәңгі желбірері анық.

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

Подполковник Дарын Сейітов

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -