Қызылорда қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері өрт салдарынан қауіп аймағында қалған тұрғындарға көмекке келді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Патрульдеу кезінде әскери жасақ Әбілхайыр хан көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің терезесінен шыққан қою қара түтінді байқап, дереу әрекетке көшті. Лейтенант Жасурбек Абдуллаевтың басшылығымен олар өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне қосылып, тұрғындарды эвакуациялауға кірісті.
Сержант Мәлік Қолғанат пен қатардағы жауынгер Әбдібек Саматтың бастамасымен ұландықтар адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, көмек көрсетті. Өрт шыққан аумақты қоршауға алу үшін жақын маңдағы әскери жасақтар жұмылдырылып, оқиға орнына адамдар мен көліктердің кіруіне шектеу қойылды.
– Қою түтін тұрғын үйдің ішін түгел жауып, арнайы құрал-жабдықсыз ішке кіру мүмкін болмады. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарды сыртқа шығарып, бізге тапсырды. Біз оларды қауіпсіз жердегі медицина қызметкерлеріне жеткіздік, – деді рота командирінің орынбасары Жасурбек Абдуллаев.
Әскери қызметшілер өрт толық сөндіріліп, адам өмірі мен денсаулығына төнген қауіп жойылғанға дейін оқиға орнында кезекшілік атқарды.
Өрт сөндірушілердің, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілерінің және медицина қызметкерлерінің үйлесімді әрі жедел іс-әрекетінің арқасында жергілікті тұрғындардың өмірі мен денсаулығына төнген жалын қаупі сейілді.