Қазақстандағы маркетплейс нарығы: өсу, салықтар және жергілікті ойыншылардың үстемдігі

1463
Фотосурет: depositphotos.com

Қазақстанда жылдан жылға электрондық сауда нарығы қарқынды дамып келеді. Негізгі өсім маркетплейстер бойынша байқалуда. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша маркетплейстерді ескергенде, электрондық сауданың көлемі 3,2 трлн теңгені құрады, ал оның бөлшек сауданың жалпы көлеміне шаққандағы үлесі рекордтық 14,5%-ға жетті. Өткен жылмен салыстырғанда, электрондық сауданың үлесі 1,8 пайыздық тармаққа өсті, ал 2023 жылы өсім 0,2 пайыздық тармаққа тең болды. Электрондық сауда көлемі бір жылда 33,3%-ға ұлғайды.

Айта кетерлігі, электрондық коммерцияның барлық айналымының негізгі бөлігін маркетплейстер, ал аз ғана көлемін — кәсіпорындардың жеке интернет-ресурстары құрайды. 2023 жылғы соңғы деректер бойынша олардың үлесі 72,4%-ға және де 27,6%-ға тең. Демек, Қазақстанда электрондық коммерцияның негізгі нарығын маркетплейстер құрайды. Олардың серпінді дамып келе жатқанын және тұтынушылардың қалауын ескерсек, болашақта маркетплейстердің ары қарай да дамитыны анық.



Қазақстанда маркетплейстер электрондық коммерция мен шағын бизнесті дамытып қана қоймай, мемлекеттік бюджетке де елеулі пайда алып келеді. Ranking.kz командасы елімізде жұмыс істейтін ірі маркетплейстердің қазынаға қандай салық сомаларын аударатынын талдады. Зерттеуге деректері қолжетімді ең танымал 13 сайт кірді. Талдау қорытындысы бойынша біз салық аударымдарының көлемі бойынша маркетплейстердің рейтингісін жасадық.

Маркетплейстер арасында Kaspi.kz салық аударымдары бойынша абсолютті көшбасшы атанды: 2024 жылы компания мемлекеттік қазынаға 133,7 млрд теңге аударды, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 28,8%-ға артық. Компанияның мынадай маркетплейстері ескерілді: «Kaspi Дүкен» ЖШС, «Kaspi Travel» ЖШС, «Колеса» АҚ, «Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС. Ауқымын түсіну үшін айта кетейік: осы платформа төлеген салық үлесі біздің зерттеуімізде қамтылған Қазақстанның барлық ірі маркетплейстерінің жиынтық аударымдарының 71,5%-ын құрады. Бұл компанияның нарықтағы жетекші позициясын ғана емес, сонымен қатар оның маңызды салық төлеуші екенін айқындайды. Мына динамикаға назар аударыңыз: салық төлемдерінің көлемі жылдан жылға айтарлықтай өсіп келеді, яғни, бизнес өркендеп, платформаның экономикалық белсенділігі артуда. Атап айтқанда, соңғы төрт жылда Kaspi.kz жасайтын салық аударымдарының орташа жылдық өсу қарқыны (CAGR) 63,4%-ды құрады. Мұндай серпіліс компанияның экожүйесінің жақсы дамып келе жатқанын әрі оның мемлекеттік бюджетке қосатын үлесінің артып келе жатқаны аңғартады.

Екінші және үшінші орынға Қазақстанда ресми өкілдіктері бар Ресейге тиесілі маркетплейстер жайғасты. Екінші орында — Wildberries («ИМВБКЗ» ЖШС), оның Қазақстан бюджетіне аударған салығы 37,5 млрд теңгені құрады. Үшінші орында — Ozon («ОЗОН Маркетплейс Қазақстан» ЖШС): шамамен 10 млрд теңге.

Маркетплейстердің үздік бестігін OLX (3,6 млрд теңге) және Flip.kz (831,4 млн теңге) түйіндейді.

Біз Halyk Market, «Белый Ветер», Satu.kz, Teez, Forte Market, Clever Market, «Jusan Дүкен» және «Қазақстан Маркетплейсі» сияқты маркетплейстерге де шолу жасадық. Бұл маркетплейстер барлық қарастырылып отырған компаниялардың салық аударымдарының тек 0,8%-ын құрады.

Енді Қытай маркетплейстерін бөлек атап өтейік. Егер отандық маркетплейстер немесе Қазақстанда тіркелген Wildberries және Ozon осы уақытқа дейін салық төлеп келсе, ал олар салық та, басқа төлемдер де жасамаған. Аспан асты елінің маркетплейстері көптеген жылдар бойы үлкен сұранысқа ие. Осы жылдың басында ғана олардың Қазақстанда ҚҚС төлеушілер ретінде есепке тұрғаны белгілі болды. Сонымен қатар жақында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ағымдағы жылы Қазақстан осындай маркетплейстерден 50 млрд теңгеге жуық сомаға салық алуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Тізімде Temu, Pinduoduo, Alibaba, Amazon сияқты барлығы 20-ға жуық компания бар, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Аталған сома өткен жылғы нарық көшбасшысының салық аударымдарымен салыстырғанда, 2 есе аз.

Маркетплейстердің салық төлемдері төмендегі кестеде толығырақ берілген.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -