Қанат Бозымбаев Дүниежүзілік банк басшылығымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылуын талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскуряковамен кездесу өткізді.
Кездесуге Еуропа және Орталық Азия бойынша тұрақты даму тәжірибесінің өңірлік директоры Самех Нагиб Вахба, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев және энергетика, сумен жабдықтау және су бұру салаларының сарапшылары қатысты.
Келіссөздер барысында Дүниежүзілік банк өкілдері Ұлттық жобаны іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.. Ықтимал бюджет көлемдері талқыланып, сумен жабдықтау және су бұру нысандарын салу бойынша жобалар тізімін қалыптастыру туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған жаңа әріптестік стратегиясын әзірлеу және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасы, төтенше жағдайлардан кейін қалпына келтіру қоры мен тәуекелдерді сақтандыру жүйесін құру бастамалары талқыланды.
Кездесу соңында Қанат Бозымбаев Дүниежүзілік банк делегациясына конструктивті диалог пен ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.