Шымкент қаласындағы 35748 әскери бөлімінде Отбасы күніне орай ерекше шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әскери қызметшілердің ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған 16 отбасына арналған жыл сайынғы дәстүрлі пикник әскери бөлімнің әскери қызметшілермен жұмыс жүргізу қызметінің жетекшісі Жамал Төлепбергенқызының бастамасымен өткізілді. Шара орталық қалалық саябақта өтіп, жылылыққа, қамқорлық пен өзара бірлікке толы мейрамға айналды.
Саябақтағы жасыл алқапта дастархан жайылып, балалар мен ересектерге арналған түрлі ойындар мен қызықты бағдарламалар ұсынылды. Мерекенің басты ерекшелігі – ата-аналар мен балалар бірігіп қатысқан отбасылық эстафета болды. Қуанышты әндер мен билер, шынайы күлкі мерекеге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Ұйымдастырушылар қатысушылардың психологиялық жай-күйіне де ерекше назар аударды. Ата-аналар үшін ішкі ресурсты қолдап, нығайтуға бағытталған арнайы психологиялық тренинг өткізілді. Балалар TikTok тренд билерімен флешмоб ұйымдастырып, түрлі ойындар мен сайыстарға белсене қатысты. Бұл күн әр қатысушы үшін ұмытылмас сәттерге толы болды.
Мереке соңында қатысушыларға алғыс хаттар, сыйлықтар мен марапаттар табысталды. Түрлі номинациялар бойынша балалар мен аналар – «Ең белсенді отбасы», «Ең шығармашыл ана», «Мерекенің жарқын күлкісі» сынды атақтарға ие болды. Бұл әрбір қатысушының қуанышына қуаныш қосты.
Шараны әскери бөлімнің әйел қызметшілері мен әскери қызметшілермен жұмыс жүргізу қызметі бірлесіп ұйымдастырды. Олардың шынайы ықыласы мен жанашырлығының арқасында мереке ерекше көңілді және мазмұнды өтті.
– Біз бұл күнді жай ғана атап өтуді емес, отбасыларымызға жылу мен шаттық сыйлауды, олардың жалғыз емес екенін және біз үшін аса маңызды екенін көрсетуді мақсат еттік, – деді Жамал Төлепбергенқызы.
Осындай отбасылық іс-шаралар әскери ұжымда сенім мен бірлікті нығайтып, патриоттық рухты көтеруге зор үлес қосады.