Қасым-Жомарт Тоқаев — 72 жаста: дипломатия жолы, мемлекетке қызмет және халықаралық абырой

2068

2025 жылғы 17 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 72 жасқа толып отыр.

Ақордада хабарланғандай, Мемлекет басшысы бұл күнге айрықша мән бермейді — бұл оның отбасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дәстүр. Тоқаевтар әулетінде туған күнді атап өту үрдісі болмаған — ни балалардың, ни ересектердің. Сондықтан да бұл жолы да қандай да бір ресми салтанатты шаралар жоспарланбаған.

Соған қарамастан, дәстүр бойынша, Президентке әлем елдерінің басшыларынан, халықаралық ұйымдардан және дипломатиялық миссиялардан құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуі күтіледі. Мұндай жылы лебіздер бұған дейінгі жылдары да айтылған еді — бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың мол тәжірибесі мен жаһандық саясаттағы орнына деген құрметтің айғағы.

Алматыдан — жаһандық дипломатияға дейінгі жол

Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі — Кемел Тоқаев — Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақ детектив жанрының негізін қалаған танымал жазушы. Анасы — Тұрар Шабарбаева — Алматы шет тілдер педагогикалық институтында ұстаздық еткен.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) 1975 жылы бітіріп, еңбек жолын КСРО Сыртқы істер министрлігінде бастаған. Алғашқы қызметтік сапары Сингапурдағы Кеңес Одағының елшілігінде өтсе, кейін Қытайдағы елшілікте екінші хатшыдан кеңесшіге дейінгі түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Сондай-ақ Бейжің лингвистикалық институтында және Ресей СІМ-нің Дипломатиялық академиясында білімін жетілдірді.

1994 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Кейін вице-премьер, премьер-министр, Мемлекеттік хатшы, қайтадан сыртқы істер министрі лауазымдарын атқарды.

2011 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде жоғары халықаралық қызметке тағайындалды — Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің Бас директоры болды. Сонымен қатар, ол Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі әрі конференцияның Бас хатшысы қызметтерін қатар атқарды. Бұл — Қазақстан тарихындағы ерекше кезең болды, өйткені алғаш рет отандасымыз жаһандық ұйымның ең жоғары басқарушы деңгейінде жұмыс істеді.

Президенттік миссия: сабақтастық пен жаңғыру

2019 жылдың 20 наурызында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті. Сол жылғы маусым айында өткен кезектен тыс сайлауда ол сайлаушылардың 70 пайыздан астамының дауысын алып, жеңіске жетті. 2022 жылы қайта сайланып, ел сенімін тағы да ақтады.

Президенттік қызметінде Тоқаев әділетті мемлекет құру, институционалдық реформалар жүргізу, ашық әрі есеп беретін билік қалыптастыру жолын ұстанып келеді. Ішкі саясатта әлеуметтік жауапкершілік пен халықтың әл-ауқатын арттыруға ден қойса, сыртқы саясатта бейбіт бастамаларды қолдап, халықаралық әріптестікке басымдық беріп отыр.

Әлем мойындаған тұлға

Қасым-Жомарт Тоқаев — саяси ғылымдар докторы, Гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары бойынша Дүниежүзілік академияның толық мүшесі. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясындағы Даналар кеңесінің мүшесі.

Ол - Шэньчжэнь университетінің (ҚХР), Ресей СІМ Дипломатиялық академиясының және Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті профессоры. Қазақстанның Халықаралық қатынастар кеңесінің Құрметті президенті.

2018 жылы Ресей Биографиялық қоғамының шешімімен "Жыл адамы" атағына ие болды.

Халықаралық саясат пен дипломатияға арналған бірнеше кітаптың авторы. 13 жыл бойы Қазақстан үстел теннисі федерациясын басқарған. Салауатты өмір салтын ұстанады, бос уақытында көркем, саяси және мемуарлық әдебиет оқуға әуес.

Жүректе сақталған ана бейнесі

Биыл 11 мамырда елімізде атап өтілген Ана күні қарсаңында Президент әлеуметтік желіде анасы Тұрар Шабарбаеваның сирек суретін жариялап, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

Ол анасының мейірімі мен парасаты, тәрбиесі мен өнегесі жайлы тебіреніспен жазды. Бұл жазба жұртшылық тарапынан кең қолдау тауып, оқырмандар жүрегіне жол тапты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -