Алтайдың ақиығы әрі сақ әрі қырағы

1243
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Америка Құрама Штаттарының бірінші президенті, саяси және әскери қайраткер Джордж Вашингтон «Тәртіп — әскердің жаны. Аз әскерді үлкен күшке айналдырады, әлсізге сәттілік пен құрмет әкеледі» дейді. Иә, тәртіпке бағыну – межеге  қойған  мақсатыңа  адаспай жетудегі  темірқазық екендігі әмбеге аян. Ал, қала тұрғындарының тыныштығын күзетіп,  тәртіпсіздіктің алдын алуда Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің үлесі зор.  Біз бүгін әскери жасақтың бір күндік жауынгерлік  қызметімен  танысып  қайттық.   

Әскери жасақ құдды құзар биіктен қиырды шалған қырандай қырағы. Қашықта бұлдыраңдаған жемтігін қылт еткен қимылынан тани қоятын жыртыш құстай  күдікті атаулыға деген сезік шапшаң оянады. Өйткені, бүгінгі жасақ он ай ішінде ысылып, Отан алдындағы парызын абыроймен  өтеп жүрген мерзімді әскери  қызметшілер. Олардың бірі әскер қатарына Түркістан қаласынан шақыртылған  Рауан Кенжебек.  

- Ұлттық ұлан әскері қатарында қала тыныштығын күзетіп, әскери  міндетін орындау барысында түрлі  оқиғаларға тап болатын шығарсың. Бөлісе отырсаң. Әсіресе, соңғы  уақытта қандай оқиғалар  белең алып жүр?   

Мен Ұлттық ұлан сапына киелі Түркістан шаһарынан шақырылдым. Отан алдындағы борышымды 5518 әскери бөлімінде өткеріп жатқаныма  қуаныштымын.  Әсіресе, әскери  бөлімдегі офицерлер мен сержанттар  бізге  кеңестерін  айтып,  әскери  бөлімге келген  уақыттан  бастап жауынгерлік  қызметті  орындау  барысына қолтықтан демеп, қолдау көрсетуде. Жалпы, өзім қала тыныштығын қамтамасыз ететін  жауынгерлік жасақ  қатарынан табылғаныма бек қуаныштымын. Біріншіден,  әскери бөлімнен  қалаға шығудың өзі бір керемет  сезім. Жауынгерлік қызметтен  қайтып келген уақытта материалдық және техникалық  қамтасыз ету ротасының  сарбаздары  қала қандай екен деп сұрайды. Сыртқа шығып көрмеген  олар үшін  таңсық  әлем ғой әскери бөлімнен тыс аумақ. Сол уақытта  бойымды бір  белгісіз  мақтаныш  сезім кернейді. Отан  алдындағы борышымды атқарып келген соң мені туған өлкемнен қарсы алатын жора-жолдастарыма да әскермен қоса  Өскемен қаласын да  сипаттап  айтып бере аламын. Ең басты ауыз толтырып айтарым, ол  қала тыныштығын қызғыштай қорғайтын айбарлы жауынгерлік жасақ жайында болмақ.     

- Жалпы, мұндай айбынды жауынгерлік жасақты  көргенде-ақ ішіне бүккен сұрқия ойы бар күдіктінің секем алатыны айдан анық қой?

- Мен бейбіт елдің аспанында тек тыныштықтың салтанат құрғанын қалаймын. Бірлігі жарасқан ынтымағы бекем мемлекетте қылмыскердің   болмауы шарт. Қазір, жалпы, қылмыстың бетін ашуда құқыққорғау органдары бейнекамераларға сүйенеді. Әрбір қалада жыл өткен сайын қоғамдық жерде, көлік қозғалысында құқықбұзғандарды жедел анықтап, айыппұл салатын бейнекамералардың түр-түрі көбейген. Ал, бір қылмыс орын алған жағдайда да бейнебақылау нысандарының таспаларын ақтарып, шолу жасайды. Ал, қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалайтын ұландықтар  күдіктінің қылмысқа баруының алдын алады деп ауыз толтырып айта аламын. Көшеде суыт жүрісті, бізге жасқана қарап, қипылықтағандардың  жүріс бағытын қадағалап  артынан аңдимыз. Яғни,  айбарлы жауынгерлердің желкесінен тыныстап, артына түскенін көзі шалған бұзақылардың мысы басылады. «Ел аман, жұрт тынышта»  ұсталып  қалмай тұрғанда,  үйіме қарай зытайын деп дереу табанын жылтырады. Тығырықтан  шығар жол іздеп, қаша жөнеледі немесе иін тірескен кісі нөпіріне күмп етіп кіріп кетеді. Аңғардыңыз ба?  Яғни, оның  бастапқы арамза ойы жүзеге  аспай, ісі насырға шапты. Ол ұрлық па? Әлде, қылмыстың тағы басқандай түрі ме екен? Адамның аласы ішінде дейді,  әйтеуір, бастапқы  ойынан айныды. Сондықтан, жауынгерлік жасақ сарбаздары қоғамдық жерде төбе танытуымен-ақ, құқықбұзушылықтың алдын алады деуге негіз бар бар.

- Ал, жауынгерлік жасақ барысында қанша құқықбұзушылықты анықтадыңдар?

Айталық, сәуір айында әскери бөлімнің жауынгерлерімен және полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзғаны үшін жүзге жуық адамды жеткізілген. Қатардағы жауынгер Жандостың де бұл бағытта атқарған жұмысы жетерлік. Кезекшілік барысында әскери жасақ рациясына чухуахуа тұқымды иттің ұрланғаны туралы жедел хабар келіп түседі. Оқиға болған аумақты жіті бақылауға алған әскери жасақ үштігінің ішінде ит ұрлаған күдікті Рауанның назарына бірінші  ілігеді.

-  Ит ұрланған мекен-жайға дереу жеттік. Алайда, үй ауласында ешкім күдікке ілінбеді. Дереу үй қапталындағы кісі нөпіріне толы  көшеге қарай тартып қойдық. Біздің бұл шешіміз бұрыс болмапты. Адамдар легіндегі  бір азамат маған күдікті көрінді. Күртешесінің ішінен жыбырлап жатқан тірі жанның қозғалысын аңғардым. Күдікті қолтығына қыса түскенімен, тірі жан бұлқынып, қыспаққа алушыға бағынатын емес. Үрмес үшін ауызын скотчпен орап қойған екен. Оны соңында, бәрі әшкере болғанда бірақ білдік. Мен бірден күртеше ішінде үй хайуанаты жасырынғанын біліп, әскери жасақпен күдіктіге қарай беттедім.  Жалма-жан маңайын шолып қараған ит ұрлаушы әккі ұры екен, бізді байқасымен жүріс бағытын кері қарай өзгертіп, қаша жөнелді. Алайда, ол әскери бөлімде  ұрыс тәсілдерді  жетік меңгеріп, үнемі физикалық дайындықта жүретін сарбаздардан  айласын асырып кете алмады, - дейді қатардағы жауынгер Рауан Кенжебек. 

Осылайша, Ұлттық ұлан әскерінің  тікелей ат салысуымен қылмыстың ізі суытпай ашылып, ұсталған азамат Үлбі аудандық полициясына  жеткізілді. Күдікті өз кінәсін толықтай мойындаса, ал чухуахуаның иесі болса ұландықтарға  ризашылығын  білдірді.   

- Жауынгерлік жасақ барысында Өскемен қаласындағы қауіпсіздікті қамтасыз етесің. Жалпы, Түркістан азаматы үшін    шығыстағы қала жұртының менталитеті қалай?  

-  Әрине, жауынгерлік қызмет барысында түрлі оқиғаларға тап боласың. Жоғарыда чухуахуаны ұрланғанын және жедел уақытта үй хайуанатының иесіне дереу уақытта табысталғанын баса  айтып өттім.  Жалпы,  осы тектес  тұқымы бағалы үй хайуанаттарын ұрлады деген хабарды жиі естиміз.  Өйткені, бұл қаланың Түркістаннан айырмашылығы осында сияқты. Бұл қалада ит-мысығымен серуенге шығып, саябақ, көшелерді тыныққан жұрт қарасы көп. Әркімнің иті әр түрлі киімдермен көмкерілген. Біздің ауылдың итіндей сабалақ, жүн-жырқасын шықпаған. Арқа жүнін сусабынмен жуғандай жылтырап, жарқырап тұрады. Өздері әсте ақылды. Бағдаршамның қызылына тоқтап, жасылына жүреді. Иесі қарғыбауды  шешіп тастағанның өзінде, тұра ытқи жөнелмейді. Белгілі бір жасыл газон аумағында бір-екі аунап, айналаны иіскелейді де қайта иесіне оралады. Өткен-кеткен кісі тұрмақ, ит-мысыққа да мән бермейді. Одан кейін бір байқағаным, Түркістанда жағалай самсаның түр-түрін сататұғын  дүңгіршектер көп болса, ал Өскеменде үй-хайуанаттарына қажетті заттар сататын зоодүкендер өте көп. Жалпы, бұл қаладағы тәртіп пен мәдениет ерекше. Қала тұрғындары қоғамдық жерлерге өз үйлеріндей аялап қарайды. Біз жақта  жергілікті ұлттан бөлек, өзбек ұлты көп шоғырланған. Ал Өскеменде   орыс ұлты басым. Мүлде орыс тілін қолданбайтын жерде туып-өскен мен үшін бұл машақатқа айналды. Кей кезде олармен сан түрлі жағдайларда тіл алмасу қажет болады. Сол уақытта  алғашқыда  дегбірім  қашып, олардың сұрағына жауап бере алмай, тұтығып қаламын. Бірде футбол ойынының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында спорт стадионына бардық. Жасыл алаңға арқамызды беріп, жанкүйер қауымға қарап тұрмыз. Кенеттен ала допты бір  ойыншы  аямай теппесі бар ма? Доп алаңнан шығып кетіп, орыс апайдың басына тиіп, мөлшері қырықтан асқан келіншек ұзыннан сұлап түсті. Оқиға тура менің көзалдымда болған соң, жапа тармағай көмектесіп, тұрғызып жатырмын. Доп тимей тұрып, әлгі әйел ұялы телефон қарап тұрса керек, есеңгіреген қалпы  басын ұстаған бойы не  «Что это было? - деп  сұрады. Одан кейін, менің түріме аңтарыла қарап,  «Ты  что ли  меня ударил» деп  қатулы қабағын түйе  қалды. «Нет, я не ударил, вас доп ударил» деп, қос қолыммен шеңбер жасап, көзі қарауытқан әлгі адамға доптың сұлбасын көрсетіп әлек болдым. Оны естіген қаруластарымның ішек-сілесі қатты. Сыртымнан көрген олар, «сен ана апайға қос қолыңмен жүректің белгісін көрсеттің бе?» деп келемежге салмасы бар ма? Ол, жауынгерлік қызметтің алғашқы кездерінде болған оқиғалар ғой. Қазір әккіге жауынгерге айналдық. 

- Қала тыныштығын  күзетуде қайтпас қайсарлық танытып,  оқыс оқиғаларға  оқжыландай бас көтеру Отанға деген шексіз адалдығыңның айшықты белгісі деп білемін. Жауынгерлік қызмет барысында бұдан өзге  қандай жағдайлар орын алды?   

- Біздің мақсат тұрғындардың бейбіт өміріне қауіптілік туғызбау. Сондықтан  күнделікті  әскери міндетімді  орындау  барысында  әкімшілік құқық бұзған, қылмысқа қатысы бар күдіктілерді ұстауда барымызды саламыз.Жауынгерлік қызметке кіріспес бұрын, саптық алаңда бұйрық беріліп, із-түссіз жоғалғандар мен іздеуде  жүрген қылмыскерлер туралы  ақпарат айтылады. 

Қатардағы жауынгер Рауанның да бұл бағытта атқарған жұмысы жетерлік. Кезекшілік барысында  әскери  жасақ рациясына  күйеуім көкала қойдай  сабап кетті деген  жедел хабар  келіп  түседі.  Оқиға болған  аумақты жіті бақылауға  алған  әскери жасақ  үштігі белгісіз  жаққа  бет алған күдіктіні іздеуге шығады. 

- Әйелінің басына әңгіртаяқ ойнатқан күйеуі әлі де ашуынан қайтпаса, кездейсоқ алдынан шыққандарға қоқал-лоқы көрсетуі әбден мүмкін еді.  Сондықтан шұғыл арада табу қажет болды. Егер таксиға отырып кетсе, онда  жауынгерлік жасақ үшін іс насырға шапқаны. Тепкіге ұшыраған жұбайы ерінің ішімдікке сылқия тойып алғандығын баян еткен болатын. Сондықтан үй ауласынан жоқ іздеп таппаған ол сауық құру орындарын аралауды жөн санайды. Мерзімді әскери қызметшінің бұл пайымы бекер болмады.  Әлі де райынан қайтпаған күдікті үй маңындағы кафе ішінен табылды. Ішімдікке сылқия тойып  алғанды сол жағалаудағы аудандық полициясына жеткіздік. Біз кейде сауда орындарында келеңсіз  жағдай туындап, оқиға орынына  жедел жетеміз. Сатып алушылардың бет тырнасып, қан жоса болған түрлерін көріп,  себебін сұрағанда жағаңды ұстайсың. Болмашы кезек  үшін немесе науқан  бойынша  сатылымға  түскен  тауар үшін бет жыртысуға  барғандарға  да  куә болдым. Бір жолы шекер қабына таласқан екі әйел арасындағы ушыққан айғай-шуға да тап болдық. Кімнің ақ, кімнің қара екендігін анықтамастан бұрын,  араша болдық. Айғай-шудың ортасына барған кезде бірден алдыңа бірінші келген адамның сөзіне еріп кетуге болмайды. Бейтарап пікір ұстанып, қос тарап өкілдерінің әңгімесі негізінде тұжырым жасау қажет болады. Бұндай оқиғалардан кейін  қоғамда қатігез, ашкөз қайманалардың дабар  екендігіне көзің жетеді. Ұлттық ұлан жауынгерлері мен сияқты қала тыныштығын қамтамасыз етіп ғана қоймай, мемлекет үшін аса маңызды нысандарды сонымен қатар түзеу мекемелерін күзетеді. Жалпы,  елдің қорғанына айналған жауынгерлер қылмыс өршіген әрбір аумаққа ауадай қажет деп ойлаймын. Қазіргі баукеспе, қарақшылар самсаған камераларды да сес көрмейді.  Бүркеніп, тұмшаланып алып, теріс жолдан тайынатын емес. Ал, камерадан ада ауыл халқы үшін қазіргі жағдай мүлдем күрделі. Оны ауылда тұратын туыс-туғаннан жиі естимін. «Бұрын ауылдағы малымызды бөтен ауылдың ұрылары алып кетсе, қазір ауылдасыңнан да сақтану» қажет екен деп тік тұрған еді жоғалған малын үйі іргелес жатқан көршісінің қорасынан тауып. Жалпы, ауылда ұрлық-қарлық өршіп тұр. Барымтаға қарымта болып, қылмысқа толы өңірлерді бақылауға алсақ игі еді. Өйткені, ұрланған малды қайта тапқандар некен-саяқ.

-   Кей кезде айналаңдағы қым-қуыт оқиғалар сені біраз уақ ойға шомып, өткен-кеткенді таразылап, ертеңгі күнге жүйелі жоспар құруға мұрша бермейді. Ал, мен әскер сапында жүріп, жергілікті ортаңнан  алшақтаған  тұста көзкөрген дүниелерге тұжырым жасап, пайымға саласың. Біреуге нақақтан нақақ артық айтқан сөзің болса, оны да еске аласың. Ұлттық  ұлан қатарында жүру арқылы ең алдымен Отан алдындағы борышыңды атқарсаң,  сонымен қатар сен ержүрек әрі батыл азаматқа айналасың. Өйткені, қаруластарыңмен қатар жүріп физикалық күш-қабілетіңді қалыпқа келтіріп, құқықтық сауаттылығың  да арта түседі. Қорыта айтқанда, кешегі Қаратаудың мұзбалағы, бүгінде қанатын қомдап,  томағасын сыпырған Алтайдың ақиығына айналды,- деп  өз  ойын ортаға салды  қатардағы   жауынгер. 

Өскемен көшесін бетке алып бара жатыр сырықтай ұлан  кезекті жауынгерлік қызметін атқаруда. Мерзімді әскери қызметші бойындағы Отанға деген сүйіспеншіліктің  жарқын үлгісі оның алшаң басқан жүрісінен-ақ аңғаруға болатындай.    

Лейтенант  Рүстем  Мұхамет-Рақым,

Өскемен қаласы  

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -