Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті University of Exeter (Ұлыбритания) делегациясын қабылдады. Қонақтарға өңірдің ғылымын дамытудың басымдықтары туралы айтып, сондай-ақ КарТУ кампусына экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жоғары оқу орнынан келген делегация құрамына профессор проректордың жаһандық мәселелер жөніндегі орынбасары Стюарт Берхоп пен қоршаған орта, ғылым және экономика факультетінің жаһандық әріптестік бөлімінің басшысы Рейчел Джонс кірді.
University of Exeter мамандары Сағынов атындағы КарТУ басшылығымен кездесіп, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейтуді қоса алғанда, ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
– Бұл делегацияның біздің университетке алғашқы сапары болды. Біз өзімізді қызықтыратын мәселелерді талқылап, біздің қонақтарға кампус бойынша экскурсия жүргіздік. Енді осының барлығына сүйене отырып, олар да, біз де ынтымақтастықтың ықтимал форматтары мен нұсқаларын ойластыратын боламыз, – дейді Сағынов атындағы ҚарТУ стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры Тимур Қанапиянов.
Сондай-ақ, британдық делегация үшін «QARMET» АҚ кәсіпорындарына экскурсия ұйымдастырылды.
Содан кейін Астанадағы University of Exeter өкілдері ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездесті. Олар сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы академиялық ынтымақтастықтың ықтимал перспективаларын қарастырды.
University of Exeter – үлкен тарихы бар көпсалалы британдық жоғары оқу орны. Ол 1855 жылы құрылған. Бүгінде жоғары оқу орнында әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер білім алуда.
University of Exeter Russell Group зерттеу университеттерінің беделді қауымдастығына кіреді.