Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің студенттері мен оқытушыларына қонақ дәріс оқыды. Іс-шара академиялық орта мен заң шығарушы билік өкілі арасындағы ашық диалог форматында өтіп, болашақ заңгерлер мен мемлекеттік қызметке қызығушылық білдірген жастар үшін ерекше тәжірибе алаңына айналды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Дәріс барысында Жақып Асанов құқық қорғау органдарындағы көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, елде заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына, сот жүйесін жетілдіру мен құқық қорғау саласындағы реформалардың мәніне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ жобалық басқарудың тиімділігі мен кәсіби командалар құру тәжірибесіне нақты мысалдар келтірді.
«Мемлекеттік қызметте, әсіресе құқық қорғау саласында реформа жүргізу – өте күрделі әрі жауапты жұмыс. Бұл тек заңдарды өзгерту емес, ең алдымен адамдардың санасына ықпал ету, жүйелі өзгерістер енгізіп, ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу. Ол үшін үш нәрсе қажет: артық бюрократиядан арылу, адал әрі кәсіби команда қалыптастыру және заманауи технологиялар мен нақты құралдарды пайдалану», – деді Сенат Вице-Спикері.
Жақып Асанов студенттермен өзінің кәсіби және өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, мансап жолында ерекше маңызға ие болған үш негізгі қағиданы атап өтті. Оның айтуынша, бұл қағидалар кез келген реформаны іске асыруда, командалық жұмыс пен нәтижеге жетуде аса маңызды.
«Мен үшін үш негізгі сабақ бар. Біріншісі – маңызды мен маңызсызының ара-жігін ажырата білу. Біз кейде күш-қуатымызды ескірген, тиімсіз процестерге жұмсаймыз да, шын мәніндегі өзекті мәселелер елеусіз қалады. Екіншісі – команда. Бірде-бір адам жалғыз өзі үлкен жетістікке жете алмайды. Мақсат – кәсіби, адал әрі отансүйгіш азаматтарды бір командаға біріктіру. Үшіншісі – нақты мақсат пен оған жететін құралдардың болуы. Бізге стандартты тәсілдер емес, шынайы нәтиже беретін әдістер қажет. Бұл – кез келген жобаның табысты болуының негізі», – деді ол.
Дәріс барысында Жақып Асанов университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетіне де ерекше тоқталды. Ол ҚазҰУ базасында жүзеге асырылып жатқан 200-ден астам ғылыми жоба, халықаралық IT-технопарк пен стартап-инкубаторлардың ашылуы және жастардың зерттеу бастамалары ел болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
«Сіздер – еліміздің интеллектуалдық капиталысыздар. Мұндай оқу орнында білім алу – үлкен мүмкіндік. Мұнда ғылым да, инновация да, идеяны жүзеге асыратын алаңдар да бар. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланыңыздар. Бүгінгі алған біліміңіз – ертеңгі Қазақстанның құқықтық жүйесіне, сот билігі мен мемлекеттік басқаруына әсер ететін маңызды фактор. Әр күніңізді бағалаңыздар», – деді Жақып Асанов.
Кездесу интерактив форматта өтті. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби бағдар бойынша нақты кеңестер алды. Жастарды сот жүйесін цифрландыру, жас мамандарды даярлау, сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидаттары ерекше қызықтырды. Дәріс соңында университет басшылығы Жақып Асановқа жастармен ашық пікір алмасуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде Сенат Төрағасының орынбасары университет ұжымына шығармашылық табыс, ал студенттерге табандылық пен сәттілік тіледі.