Талдықорғанда Ұлттық ұлан сержанты қайғылы жағдайдың алдын алды

1606
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, кіші сержант Серікжан Оралдың жедел және кәсіби әрекеті Жетісу облысы Ескелді ауданы Өтенай кентіндегі қайғылы оқиғаның алдын алуға себепші болды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жер үйлердің жанынан өтіп бара жатқан әскери қызметші ауладағы нысандардың бірі жанып жатқанын және сол жерден үрейлі ер адамды көреді. Күйзеліс күйінде тұрған азамат жанып жатқан нысан ішінде әйелі болуы мүмкін екенін айтады. Орал бір секунд та уақыт жоғалтпай, бірден түтінге оранған үйге кіріп кетеді. Алайда үй-жай ішінен адам таппай,  сыртқа шығып әлгі азаматқа әйеліне қоңырау шалуды бұйырады. Қуанышқа орай, жұбайы үйден тыс жерде екен.

Дегенмен, қауіп мұнымен аяқталған жоқ. Үй иесі сондай-аш іште газ баллоны бар екенін хабарлайды. Жағдайдың ауырлығын түсінген кіші сержант іштей қауіптенсе де, жанып жатқан нысанға қайта кіріп, баллонды жылдам алып шығады. Өзінің табандылығы мен шапшаңдығының арқасында ол жарылыс пен одан келер ауыр салдардың алдын алды.

— Менің орнымда кез келген ер азамат қолдан келгенше осылай көмектесер еді деп ойлаймын, - дейді Серікжан нық сеніммен.

Серікжан Орал — төрт ұлдың әкесі. Ол балаларының әке ізімен, Отан қорғаушы болғандарын армандайды.

— Ұлдарымның мені мақтан тұтқанын және ел қорғау ісін таңдап, жолымды жалғағанын қалаймын. Себебі, бұл жай ғана мамандық емес — бұл елжандылық қасиет!", - дейді бейбіт күннің батыры.

Дәл осындай адамдар күн сайын, әскери қызметтің — халыққа риясыз қызмет ету және кез-келген сәтте көмекке келуге дайын болу екенін көрсетуде. Оралдың әрекеті —батылдық пен шынайы азаматтық жауапкершіліктің жарқын дәлелі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -