Маңғыстау облысында 800-ден аса жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант берді

1760
Фотосурет: Gov

Теңіз жаяу әскері бригадасының саптық алаңына әскери бөлімдердің командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері, ауған соғысының жауынгерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және екі мыңнан астам сарбаздың ата-аналары мен жақындары жиналды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Іс-шара Жауынгерлік тудың шығарылуы және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының орындалуымен ашылды.

Бүгін біз үшін ерекше күн. Өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдерінде ант қабылдау рәсімі өтіп жатыр. Бұл – Қарулы күштерге қабылданған әрбір азаматтың қасиетті серті. Бұл күн сіздердің жадыларыңызда мәңгі сақталады деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, әскери қызметте сәттілік тілеймін «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов

Ант қабылдағаннан кейін сарбаздар қызметтің келесі кезеңіне – кіші мамандарды дайындау бағдарламасы бойынша қарқынды жауынгерлік оқуға кіріседі. Алты айдан соң олар артиллерист, танкист, байланысшы, атқыш сынды әскери мамандықтарды меңгеріп, тәжірибелі жауынгерлердің қатарына қосылады. Жас сарбаздар Қазақстанның тоғыз өңірінен шақыртылған.

Ата-аналардың ұлдарымен кездесуі ерекше әсерлі болды. Жас сарбаздың анасы Фарида Жанова өз қуанышымен бөлісті:

– Мен Оралдан келдім, ұлымды қатты сағындым – бір ай көрмедік. Ол есейіп, шымыр болыпты. Командирлерге үлкен алғыс айтамын. Балаларымыз антына адал болып, қызметтерін абыроймен атқарсын, – деді ол.

Ресми бөлім аяқталған соң жас сарбаздар саптық дайындық, қоян-қолтық ұрыстан, көзді жұмып автоматты бөлшектеп-жинаудан машықтарын көрсетті. Барлау бөлімшелері тұтқындарды босату, қару қолдану және жақын ұрыстағы шеберліктерін паш етті.

Қонақтарға әскери техника мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылып, әскери бөлім командирлерімен кездесу өтті. Іс-шара соңында сарбаздар алғашқы сейілдемелерін алып, оны жақындарымен бірге өткізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -