Ел намысын жаһандық додаларда абыроймен қорғаған жас спортшы, самбодан жастар арасындағы әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Сәбит Мирас Сәкенұлы бүгінде Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Талай белестерді бағындырған спорт шебері қазіргі таңда Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде қызмет атқаруда.
Ақтөбе қаласының тумасы Мирас самбо күресімен жеті жасынан бастап айналысады. Осы уақыт ішінде ол тынымсыз еңбектің арқасында елеулі жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтқанда, Кипр мен Арменияда өткен әлем чемпионаттарында күміс жүлдеге ие болып, Қазақстанның көк байрағын биікте желбіретті. Сондай-ақ, Азия біріншілігі мен Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, спорттағы шеберлігін дәлелдеді.
– Отанды қорғау – әр азаматтың ар-намысына негізделген парызы. Әскери борышымды абыроймен өтеп, алдағы уақытта спорттағы жолымды жалғастырып, ел намысын халықаралық ареналарда қорғап, көк туымызды биікте желбіретемін, – дейді Мирас.
Мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ететін Ұлттық ұлан қатарында ел рухын асқақтататын осындай қайсар жастардың қызмет етуі – болашаққа деген сенімді нығайта түсетіні сөзсіз.