Еліміздің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеті тек әскери құрылымдардың жұмысына ғана емес, оларды құрайтын әрбір офицер мен сарбаздың тұлғасына да тікелей байланысты. Солардың ішінде өз қызметін адал әрі кәсіби деңгейде атқарып жүрген, жан-жақты сауатты әрі адамгершілігі мол тұлға – 5547 әскери бөлімінің штаб бастығы подполковник Асылбек Асқарбеков.
Асылбек 1986 жылдың 24 шілдесінде Тараз қаласында дүниеге келген. Әкесі – Асқарбеков Сырасыл 1959 жылы туған. Ұзақ жылдар бойы «Волков Геология» мекемесінде, кейін «ҚазАтомПром» саласында еңбек етіп, бүгінде құрметті демалыста. Анасы – Асқарбекова Ғайша 1957 жылы туған. Ұзақ жылдар бойы мектепте мұғалім болып, талай шәкірт тәрбиелеген аяулы ұстаз. Қазіргі таңда зейнетте. Ал ағасы Жандос – Алматы қаласындағы №7 қалалық ауруханада дәрігер болып қызмет атқарады.
Білімге құштар, тәртіпке берік Асылбек мектепте озат оқушы ретінде көзге түсті. Тараз қаласындағы № 45 мектепті 2004 жылы үздік бітіріп, сол жылы Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясына оқуға түсіп, 2008 жылы оны қызыл дипломмен тәмамдады. Сондай-ақ, ол Тараздағы Инновациялық-гуманитарлық университеттің «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Офицерлік қызмет жолын подполковник Асылбек Асқарбеков абыроймен өтіп келеді. Ол 2008 жылдан бастап Ұлттық ұлан қатарында түрлі маңызды лауазымдарда табанды еңбек етті. Қызметін взвод командирі болып бастап, рота командирі, штаб бастығы - батальон командирінің орынбасары, жедел мақсаттағы батальон командирі, штаб бастығының орынбасары сатыларынан өтіп, бүгінде 5547 әскери бөлімінің штаб бастығы лауазымын атқарып отыр.
Подполковник Асылбек Асқарбеков – әскери қызметтің барлық қырын меңгерген, жоғары білімі мен тәжірибесі бар, адамгершілігі мен кәсібилігін үйлестіре білетін офицер. Ол өз бөлімінің ішкі тәртібін қатаң қадағалап, жауынгерлік дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастыруда көшбасшы бола білді. Оның басқару қабілеті мен терең білімділігі, жан-жақтылығы әрқашан ұжымның тиімді жұмыс істеуіне ықпал етуде.
Әскери қызметкер ретінде өз міндеттерін орындап қана қоймай, Асылбек Сырасылұлы әрдайым өзінің адамгершілік қасиеттерін көрсетіп келеді. Оның әділдігі, қарапайымдылығы мен тәртіпке деген адалдығы - қарамағындағылар мен әріптестері арасында үлкен құрмет пен сенім туғызады. Ол тек басқарушы емес, сондай-ақ шыншыл әрі мейірімді азамат, әрқашан өз қызметкерлеріне қолдау көрсетуге дайын тұратын басшы.
Подполковник Асқарбековтің білімділігі мен жан-жақтылығы, әртүрлі салалардағы терең білімі оны тек әскери салада ғана емес, жалпы өмірде де үлгі тұтарлық тұлға. Жас офицерлер үшін ол білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, дұрыс бағыт сілтейтін тәлімгер, ал әріптестері тарапынан үлкен сенім мен құрметке ие болып отыр.
Асылбек Сырасылұлы – тек мықты офицер ғана емес, сонымен қатар өнегелі отбасының арқа сүйер тірегі. Отағасы ретінде өз отбасында да, басшы ретінде әскери қызметте де жауапкершілікті жоғары қояды. Жары – Шаринова Тұрсынай – ақылымен де, іскерлігімен де жанұясының ұйытқысы бола білетін, жарқын мінезді, еңбекқор жан. Олар – 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған үлгілі ата-ана. Балаларын отансүйгіштікке баулып, ұлттық тәрбиені негіз етіп ұстанған бұл отбасы бүгінгі қоғамға қажетті шынайы құндылықтарды түсіне білген.
Асылбек Сырасылұлының өмір жолы мен қызметіндегі жетістіктері кейінгі буынға үлгі болары сөзсіз. Подполковник Асылбек Асқарбеков сынды мықты азаматтар – әскеріміздің нығая түсуіне ықпал етеді.
Сізге зор денсаулық, сарқылмас қуат, отбасыңызға амандық тілейміз, Асылбек Сырасылұлы! Қызметіңіз табысты болып, абырой биігінен көріне беріңіз!