Олжас Бектенов ЖЭК дамыту мәселелері жөніндегі энергетикалық кеңес отырысын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдар басшылығы, энергетика секторы компаниялары және энергетика саласындағы сарапшылардың қатысуымен жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту мәселелеріне арналған Энергетикалық кеңестің отырысын өткізді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде белгіленген қуаты 3 ГВт-тан асатын 154 ЖЭК нысаны жұмыс істейді, бұл – жел, күн, гидро және биогаз электр стансалары. 2024 жылы ЖЭК генерациясы сағатына 7,6 млрд кВт-ны құрады. 2025 жылға қуаты сағатына 450 кВт-дан астам тоғыз ЖЭК нысанын іске қосу жоспарланған.
Бұл ретте, энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың баяндамасына сәйкес, «жасыл» энергетиканы дамыту бойынша көрсеткіштер белгіленген мақсаттардан асып түсті. Егер 2020 жылға жоспарланған бағдар электр энергиясын өндіруде жалпы көлемнің 3%-ын құраса, онда 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 6,4%-ға жетті. Осылайша, «Жасыл» энергетикаға көшу тұжырымдамасында бекітілген аралық міндеттерге қол жеткізілді.
Премьер-министрге жел, күн, гидро және биогаз энергетикасын қоса алғанда, ЖЭК-тің әрбір бағытының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективалары туралы баяндалды. Ауқымды жобаларды іске асыру үшін халықаралық стратегиялық инвестор тарту мәселесіне назар аударылды.
Жалпы, 2030 жылға дейін жиынтық қуаты 2,3 ГВт болатын 93 ЖЭК жобасын пайдалануға беру жоспарлануда. 2035 жылға дейін электр энергетикасын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарында кемінде 8,4 ГВт ЖЭК енгізу көзделген. 2024-2027 жылдары 6,7 ГВт-қа аукциондық сауда-саттық өткізу бекітілді, оның 3,1 ГВт-тан астамы қазірдің өзінде бөлінген. 2025 жылдың сәуірінде алғаш рет жел генерациясының ірі жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық өткізілді.
Қазақстанда ЖЭК секторы жоспарлы түрде дамып, мемлекет тарапынан белсенді қолдау табуда. Бүгінгі таңда ЖЭК секторын қолдау шаралары аукциондық баға бойынша электр энергиясын кепілдендірілген сатып алуды, жыл сайынғы индекстеуді, желілік алымдардан босатуды және инвестициялық преференцияларды қамтиды. Бұл қолайлы инвестициялық орта құруға, жаңа жобаларды дамытуға ықпал етеді әрі жалпы энергия теңгеріміндегі «жасыл» энергия үлесінің тұрақты өсуін қамтамасыз етеді.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр ЖЭК жобаларын қолдауды күшейтуді тапсырды. Оларды енгізу мен іске асыруға ғылыми тұрғыдан көзқарастың қажеттіігі айтылды. Ашық және болжамды тарифтік саясаттың маңыздылығы, сонымен қатар жеке сектордың ЖЭК нысандарын салу мен пайдалануға неғұрлым кең қатысуы үшін жағдай жасаудың маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ Олжас Бектенов инвесторлардың келуін және бастамаларды іске асыруды тежейтін әкімшілік кедергілерге жол берілмейтінін атап көрсетті.