Ұрыстық атыс пен танк астынан өту: сарбаздар шайқас жағдайында өмір сүруге үйренуде

1639
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

«Дарбаза» полигонында сарбаздар жауынгерлік сынақтан өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Көктемгі шақырылыммен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамындағы алтыншы механикаландырылған бригадаға келген 195 жас сарбаз Түркістан облысындағы «Дарбаза» оқу полигонында алғашқы жауынгерлік атыс пен ұрыс жағдайына барынша жақын ортада жаттығулардан өтті.

Сабақ барысында әскери қызметшілер АК-74 автоматынан алғашқы жауынгерлік атысты орындап, қарсылас танкісіне қарай окоптан қолмен граната лақтыруды, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезінен бері қолданылып келе жатқан «танкпен шайқасу» элементін орындады. 40 тонналық техника шынжыр табандарының күркірі мен атылған оқтардың дыбысы астында жас жауынгерлер қарсылас техникасынан қорықпай, күйзеліске төтеп беруді үйренді.

Практикалық жаттығулардың алдында сарбаздармен Т-72 танкісінің тактикалық-техникалық сипаттамалары, атыс қаруы және жарылғыш заттар бойынша теориялық сабақтар өткізілді. Алғашқы болып барлық сынақ кезеңдерінен командирлер мен сержанттар өтіп, жеке үлгі көрсетті. Одан кейін оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға жас сарбаздар кірісті.

"Бүгін алғаш рет жауынгерлік қарудан оқ аттық, граната лақтырдық, түтін, окоп және тікенекті сымдар арқылы өттік. Бәрі де оқ-дәрі дауыстары мен танк қозғалтқышының дыбысы астында өтті. Сезім ерекше, енді өзімізді нағыз сарбаздай сезіне бастадық" қатардағы жауынгер Рауан Насылхан

Айналаны оқ пен жарылыс шырмағанда, әр әрекетті алдын ала ойластырып, қалқалау астында әрекет ету қажет. Командирлердің айтуынша, мұндай жаттығулар жауынгердің рухын және дене даярлығын шыңдауға, төзімділік, өзін-өзі бақылау мен жылдам әрекет ету қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Практикалық жаттығулардан кейін бөлімше командирлері нәтижелерді қорытындылап, жеке құрамның белсенділігін атап өтіп, сарбаздарды бастапқы әскери дайындық кезеңінің маңызды сынағынан сәтті өткенімен құттықтады. Оларда алда – Әскери ант қабылдау және Отан алдындағы қызметті жалғастыру күтіп тұр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -