FlyArystan Heart Center Foundation қорымен серіктестік аясында Ақтауда өткен кардиохирургиялық оқыту шараларын қолдады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстандық лоукостер FlyArystan Heart Center Foundation қоғамдық қорымен қайырымдылық серіктестігін жалғастыруда. Оның аясында UMC (University Medical Center) Жүрек орталығының мамандарына аймақтардағы көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыру және дәрігерлердің кәсіби деңгейін көтеру бағытындағы бастамаларға тегін әуе тасымалы ұсынылды.
21–22 мамыр күндері серіктестіктің жаңа кезеңі шеңберінде Маңғыстау облысының Ақтау қаласында туа біткен жүрек ақауларын диагностикалау мен емдеуге бағытталған «Пациент мектебі» өткізілді. Шараны Heart Center Foundation қоры UMC Жүрек орталығы мамандарының қатысуымен жүзеге асырды. Екі күн барысында Ақтауда дәрігерлерге арналған оқыту семинарлары, ата-аналармен ақпараттық кездесулер және пациенттерге жеке кеңес беру жүргізілді. Басты назар – жүрек ақауларын ерте кезеңде анықтап, балаларды уақытылы арнайы орталықтарға бағыттау және кардиохирургиялық көмек көрсету ісінде кешенді әдістемелерді қолдану мәселелеріне аударылды.
Сонымен қатар, 22 мамырда Маңғыстау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өтті. Шара барысында UMC Жүрек орталығының балалар кардиологы Айкерім Жанатқызы мен резидент-балалар кардиохирургі Алексей Бондарев туа біткен жүрек ақаулары, оларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ Қазақстандағы медицинаның мүмкіндіктері туралы бөлісті.
FlyArystan мен Heart Center Foundation арасындағы серіктестік 2024 жылдың күзінде бастау алды. Өткен жылы әуекомпанияның қолдауымен Орал, Қостанай және Қызылорда қалаларында іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға кеңес беру, хирургиялық көмек көрсету және өңір дәрігерлеріне арналған оқыту сессиялары өткізілді. Сонымен қатар, FlyArystan ағзаларды трансплантациялау саласына қоғам назарын аударып, донор күтіп жүрген науқастарға қолдау көрсету мақсатында өткізілген «Jüregımnıñ Jeñımpazy» қайырымдылық жүгіру шарасының серіктесі болды.
Heart Center Foundation қорымен серіктестік FlyArystan компаниясының елдің әлеуметтік саласын тұрақты дамытуға үлес қосуға деген ұмтылысын және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ұстанатынын көрсетеді. Компания алдағы уақытта да Қазақстан аймақтарындағы денсаулық сақтау саласын дамыту мен халықты қолдауға бағытталған жобаларға қатысуды жалғастырмақ.