Резервистер стратегиялық нысанды қорғау іс-қимылдарын пысықтады

1584
Фотосурет: Gov

Астанада әскери міндеттілер жиынына қатысушылар маңызды нысанға жасалған шабуылға тойтарыс берді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жоспарлы он күндік жиынның соңғы кезеңінде запастағы әскери міндеттілермен тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті.

Оның барысын Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының, Қарулы күштер Бас штабы Аумақтық қорғаныс департаментінің және Астана қаласы әкімдігінің өкілдері қадағалады.

"Жиынды өткізу кезінде қойылған міндеттер кешені толық көлемде орындалды. Теориялық және практикалық сабақтарда әскери міндеттілер атқаратын лауазымына сәйкес білімдері мен дағдыларын жетілдірді. Сонымен қоса жұмылдырылған ресурстарды хабардар ету, шақыру, қабылдау және жеткізу бойынша үйлестіру мәселелері мен іс-шаралары пысықталды"  Астана қаласының аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Омар Орынбаев

Оқу-жаттығуда Астана қаласындағы аумақтық қорғаныс бригадасының жауынгерлері маңызды объектіні күзету және қорғау жөніндегі тактикалық эпизодты пысықтады. Жауынгерлік жағдайды имитациялайтын құрал ретінде жарылыс пакеттері қолданылды.

"Әскери жиынға шақырылғанымды білгенде жігерлендім. Мен жастарды қолдау орталығында жұмыс істеймін және тәрбиенің ең жақсы құралы – өзіңе үлгі болу деп білемін. Шынында да, нағыз патриотизм елге қызмет етуге және оның мүдделерін қорғауға дайын болуымен көрінеді" Запастағы лейтенант Бейбарыс Айса

Бас штаб Аумақтық қорғаныс департаментінің мәлімдеуінше, республикалық маңызы бар Астана және Шымкент қалаларындағы әскери жиындар аяқталғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында және Тараздағы «Айша-бибі» полигонында осындай іс-шаралар өтеді.

Запастағы әскери міндеттілерді даярлау және қайта даярлау әскери-оқытылған резервті қалыптастыруға және мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -