Ақтауда әскери теңізшілер Сағадат Нұрмағамбетовтың 101 жылдығына арналған ерлік сабағын өткізді

1463
Фотосурет: Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі

2025 жылғы 24 мамырда Ақтау қаласындағы №6 жалпы білім беретін мектепте Кеңес Одағының батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың 101 жылдығына орай әскери теңізшілер жоғары сынып оқушыларына ерлік сабағын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Әскери теңізшілер оқушыларға армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың өмір жолы, Ұлы Отан соғысындағы ерлігі, мемлекет алдындағы еңбегі мен жеке қасиеттері – батырлығы, отансүйгіштігі және елге адалдығы туралы әңгімеледі. 

Іс-шара батыр қолбасшының тұлғасына деген құрмет пен алғыс сезімінде өтті. Шара барысында әскери теңізшілер армия генералы Нұрмағамбетовтың рухы, ар-намысы мен әскери борышына адалдығы жастарға үлгі екенін атап өтті.

 "Мұндай кездесулер жастардың патриоттық тәрбиесінде маңызды рөл атқарады, оқушылардың ел алдындағы борыш пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады, көшбасшылық қасиеттерін, еңбек және әскери тәртіпті дамытады"  "Қазақстан" зымыран-артиллериялық кемесінің байланыс және радиотехникалық қызметінің командирі лейтенант Ынтымақ Сейдахметов

Ерлік сабағы оқушыларға терең әсер қалдырды. Сағадат Нұрмағамбетовтың ерлік жолы оларды биік мақсаттарға ұмтылуға және өзін-өзі жетілдіруге шабыттандырды.

Іс-шара соңында әскери теңізшілер мектеп бітіруші жастарға әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктері, іріктеу шарттары және оқу ерекшеліктері туралы айтып берді. Сондай-ақ, үгіт-насихат бейнематериалдары көрсетіліп, барлық сұрақтарға жауап берілді.

Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу мақсатында бірлесіп ұйымдастырылған еңбегі және ынтымақтастығы үшін әскери теңізшілер  мектеп ұжымына алғыс хат табыстады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -