Париждегі ЮНЕСКО-ның бас пәтерінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30-жылдығына арналған «Қазақстан жастары арасындағы мәдениетаралық диалогтың үздік тәжірибелері» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА), «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің және ЮНЕСКО-ның Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секторының қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара қарсаңында ҚХА Хатшылығының меңгерушісі – ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Лидия Артур Брито арасында кездесу өтті. ҚХА мен ЮНЕСКО өкілдері арасындағы пікір алмасу барысында Қазақстанның мәдени әртүрлілікті қорғау мен дамытудағы тәжірибесі, сондай-ақ еліміздегі жастар ұйымдарының бұл беделді халықаралық құрылымның жобаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Дөңгелек үстелдің ашылуында қатысушыларға Марат Әзілханов, Лидия Брито және Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі, Елші Асқар Абдрахманов құттықтау сөз сөйледі.
М. Әзілхановтың айтуынша, бүгінде ҚХА – 120-дан астам этнос өкілдерін біріктіретін бірегей қоғамдық институт ретінде еліміздегі мәдени және тілдік алуандықты сақтауға белсенді ықпал етіп отыр. Ол ҚХА-ның соңғы сессиясы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті – ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле атынан жолданған құттықтау хатын еске салды. Онда: «Құрылған кезден бастап ҚХА этносаралық келісімді және әлеуметтік инклюзияны нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Қазіргі әлем күрделі сын-қатерлерге тап болып отырған шақта, ҚХА мәдениетаралық диалог пен өзара құрмет сияқты ЮНЕСКО-ның негізгі құндылықтарын ілгерілетудің жарқын үлгісі болып табылады», – деп айтылған.
Осыған орай, М. Әзілханов: «Біздің миссиямыз бен міндеттеріміз ұқсас болғандықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясы ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі», – деді.
Өз кезегінде Л. Брито жастардың әлемдегі оң өзгерістердің қозғаушы күші ретіндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстан инклюзивті және үйлесімді қоғамдардың қалай қалыптастыруға болатынының үздік үлгісі ретінде; әртүрлі этностар мен нанымдар өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруінің ұзақ дәстүрлерімен және әртүрлілікке терең құрметпен қарауымен Қазақстан мәдени байлықтың күш пен жасампаздықтың үлгісін көрсетеді, бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік пен бірлікті сақтауға негіз қалай отырып аса маңызды рөл ойнайды».
Ассамблеяның жастар жобаларына қатысты пікір білдіре отырып, ол «жастардың жобаларға инклюзивті қатысуынан бастап, мәдени әртүрлілік пен гендерлік теңдікті нығайтуға дейін жас қазақстандықтардың бастамалары біздің бүкіл әлемде ілгерілетіп келе жатқан құндылықтарды айғақтайды» – деп атап өтті. Осыған байланысты ол «Жастар ассамблеясының» ЮНЕСКО-мен өңірлік және жаһандық деңгейде ынтымақтастыққа деген қызығушылығын жағымды қабылдайтынын айтты.
Дөңгелек үстел аясында ҚХА-ның жастар қанаты – ел бойынша 10 мыңнан астам белсенді жас мүшесі бар «Ассамблея жастары» ұйымының жұмысына ерекше назар аударылды. Ұйым төрағасы Тимур Жұмұрбаев жастардың «soft skills» деп аталатын икемді дағдыларын дамытуға, студенттік өзін-өзі басқаруға, әлеуметтік инклюзияға және креативті индустрияларға бағытталған жобалар жөнінде баяндады. «Біздің философиямыз қарапайым – әрбір жоба нақты нәтиже беруі тиіс. Әрбір жас өзінің маңыздылығын сезініп, орналасқан жеріне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, мүмкіндіктері бар екенін түсінуі қажет», – деді ол.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық елшісі Малгожата Туар «Ассамблеямыз бізге мәдени әртүрлілікті дәріптеп сақтауды көздейтін жарқын үлгіні көрсетеді. Бұл – догма емес, бұл – өзара мойындау, қадір-қасиет пен ынтымақтастық негізінде ортақ болашақты бірлесе құруға үндеу», – деп атап өтті.
Дөңгелек үстелге ҚХА мен «Ассамблея жастары» ұйымының келесі мүшелері де қатысты – Алла Гаврина, Валихан Бахретдинов, Максим Когай, Лугмар Буларов, Рафик Мирзоев, Руфина Усанова, Рустам Қайыров, Елена Семидоцких, Мұрат Шамилов, Сәлімхан Сабитов, Дэниэль Джеймс Данлади-Бвай, Жәнібек Есімсейітов. Олардың қатысуы жастар арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған шығармашылық бастамалардан бастап түрлі этностарды қамтитын спорттық жарыстарға дейінгі жобаларды айшықтады.
Іс-шара аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: Мәдениетаралық диалог арқылы әрекет ететін жастар» атты фотокөрме ұсынылды. Онда ҚХА-ның кең ауқымды әлеуметтік бастамаларды жастардың белсенді қатысуымен жүзеге асырудағы күнделікті және маңызды жұмысы көрсетілді.
Сонымен қатар қонақтар Қазақстанның көпұлтты тағамдарын татуға шақырылды. Бұл тағамдар еліміздің бай әрі әртүрлі аспаздық дәстүрлерін, олардың синтезі мен өзара ықпалын бейнеледі.
ЮНЕСКО-ға мүше елдердің дипломаттары, ұйым Хатшылығының қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен Франциядағы отандастар дөңгелек үстел барысында ұсынылған баяндамалар мен фотокөрменің мазмұндылығын, ұлттық тағамдарды таныстырудың орындылығын жоғары бағалады.
Бұл іс-шара ЮНЕСКО сынды беделді үкіметаралық ұйымның бас пәтерінде Қазақстан халқының мәдени көптүрлілігін, мәдениетаралық диалогты, азаматтық рухтағы білім беруді, патриотизм мен қоғамдық белсенділікке негізделген этносаралық қатынастарды реттеу тәжірибесін таныстыруға тамаша мүмкіндік болды. Сонымен бірге өткен пікір алмасулар жастардың қоғамдық келісімнің қозғаушы күшіне айнала алатынын айқын көрсетті. Қазақстанның мәдениетаралық диалогты ілгерілетудегі тәжірибесі жаһандық бейбітшілік, өзара құрмет пен инклюзивті дамуды нығайтуға қосқан нақты үлес ретінде халықаралық серіктеріміздің арасында шынайы қызығушылық тудырды.