Тарихи жетістік! Қазақстан каратэден Азия чемпионатында алғаш рет 4 алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан каратэден Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы 3 алтын медаль түсті.
Ересектер арасында алғаш рет құрлық бәсекесіне қатысып жатқан Дайяна Даренская 68 кг дейінгі салмақтың финалында жапон спортшысы Кама Цубасаны ұтты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Осыдан кейін татамиге шыққан әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов (-75 кг) ирандық қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ.
Ал Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева (+68 кг) тағы бір жапон каратэшісі Сумире Сугитаны жеңді.
Осыған дейін кумите бағдарламасында Жоламан Биғабыл топ жарған. Осылайша, Ұлттық құрама 4 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен жалпы есепте 1-орын алды. Екінші сатыда Жапония (3 алтын, 5 күміс, 4 қола), үздік үштікті 3 алтынмен Вьетнам түйіндеді.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі
Күміс: кумитеден Қазақстан әйелдер құрамасы
Қола: Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг), Әсел Қанай (-61 кг), Данияр Юлдашев (-84 кг), Диас Ұлбек (+84 кг), кумитеден Қазақстан ерлер құрамасы.
Қазақстан осыған дейін жалпы есепте 1-рет топ жарған. Малайзияда 2023 жылы командаға 1-орын үшін 3 алтын жеткілікті болған.
Биыл сары құрлық чемпионатында 29 мемлекеттің таудаулы 421 спортшысы жүлдеге таласып жатыр.
Жалпы Ташкент қаласы осыған дейін каратэден сары құрлық чемпионатын 3 рет қабылдаған.
Біздің Ұлттық құраманың нәтижесі:
2022 жыл 2 алтын, 4 күміс, 2 қола (жалпы есепте 3-орын)
2019 жыл 1 алтын, 2 күміс (5-орын)
2012 жыл 1 алтын 3 күміс 2 қола (4-орын).