Гроссмейстерлер қатары екі шахматшымен толықты

2992
Фотосурет: KazChess

Жақын арада бірден екі қазақстандық шахматшы – 14 жастағы Эдгар Мамедов пен 21 жастағы Бибісара Асаубаева – шахматтағы ең жоғары гроссмейстер (GM) атағына ресми түрде ие болады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бүгін Шарджада (БАӘ) құрамы жағынан аса мықты Sharjah Masters International Chess Championship 2025 шахмат турнирі аяқталды. Турнирге 64 гроссмейстер мен 17 халықаралық шебер қатысты, қатысушылардың рейтингі 2453 пен 2771 аралығында болғанын айту да жеткілікті!

Қазақстан шахматшыларының үштігі бұл турнирде абыроймен өнер көрсетті: 9 мүмкін ұпайдан 5 ұпай жинаған халықаралық шеберлер Эдгар Мамедов (2492, рейтингке +16.9) пен Бибісара Асаубаева (2494, +15.3), сондай-ақ гроссмейстер Ринат Жұмабаев (2551, +5.2) сәйкесінше 24-ші, 28-ші және 29-шы орындарды иеленді. Сонымен қатар Бибісара әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсетіп, 2024-25 маусымының әйелдер Гран-при жеңімпазы, Қытай шахматшысы Чжу Цзиньэрді (2541) бір ұпайға, ал 2024 жылғы шахмат олимпиадасының жеңімпазы, Үндістан құрамасындағы Дивья Дешмухты (2469) бір жарым ұпайға басып озды.

Атап өту керек, Эдгар бұған дейін гроссмейстер атағына қажетті үш гроссмейстерлік норманы орындап қойған еді, ал осы турнир барысында оның рейтингі 2500 межеден асып, атақ беру үшін қажет барлық шарттарды толық орындады. Ал Бибісара болса, осы турнирде өзінің үшінші гроссмейстерлік нормасын орындады (1-норманы – 2021 жылғы қарашада Латвияның Рига қаласында өткен «Үлкен швейцаркада», 2-норманы – 2023 жылғы сәуірде Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен 2022/23 маусымындағы әйелдер Гран-приінің 3-кезеңінде орындаған болатын), сонымен бірге 2500 рейтингтік межеден өтті.

Осылайша, бірден екі қазақстандық шахматшылар – 14 жастағы Эдгар Мамедов пен 21 жастағы Бибісара Асаубаева гроссмейстер атағын алу үшін қажетті барлық талаптарды орындады. Енді оларға тек ФИДЕ Президенттік кеңесінің (2025 2nd FIDE Council) алдағы отырысын күту ғана қалды – дәл сол жерде бұл атақ ресми түрде бекітіледі. Осылайша, Бибісара – Жансая Әбдумәліктен кейін бұл атаққа қол жеткізген еліміздегі екінші әйел шахматшы болмақ.

ҚШФ Эдгар мен Бибісараны, олардың отбасыларын, жаттықтырушыларын және барша қазақстандық жанкүйерлерді осы жетістікпен құттықтайды! Бұл жетістіктер – жас дарындарға арналған қолдау бағдарламасы (Эдгар Мамедов) мен ұлттық құраманың ересек мүшелеріне берілетін гранттық қолдау (Бибісара Асаубаева) аясындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұл бағдарламаларды Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы жүзеге асырып келеді. Мұндай жеңістер алда да көбейе бермек!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -