KazChess Awards 2025 сыйлығы табыс етілетін жыл сайынғы салтанатты рәсімде жылдың негізгі шахмат қорытындысы шығарылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылғы 28 мамырда Sheraton Astana Hotel ғимаратында (Сығанақ көшесі, 60/1) Қазақстан шахмат федерациясы міне үшінші рет ең үздіктерді — шахмат ойнап қана қоймай, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін көтеріп жүрген спортшылардың бастарын қосады. Қонақтар сағат 16:00-де жинала бастайды.
Қазақстандағы шахмат бұрын-соңды болмағандай өрлеу үстінде. 2024 жылдың өзінде ғана қазақстандық шахматшылар рекордтық 160 медаль — 55 алтын, 54 күміс және 51 қола жүлде жеңіп алды. Жақында шахмат әлеміндегі қазақстандық «Оскар» деп есептелетін KazChess Awards сыйлығын табыс ету аясында ең көрнекті жеңістер мен шахматшыларға ерекше құрмет көрсетіледі. Бұл дәуірдің бет-бейнесіне айналып отырған адамдар үшін айрықша сәт екені сөзсіз.
KazChess Awards негізі қаланған кезінен бастап 9 номинациядан 14 номинацияға дейін өсіп, Қазақстанда шахматтың қарқынмен ілгерілеп жатқанын айқын көрсетеді. Лауреаттар арасында әлем чемпиондары, сенсация жасаған дебютшілер және есімдері ұлттық аңызға айналған спортшылар бар. Сыйлық иегерлерінің есімдері жастарды шабыттандырып, еліміздің жаңа шахмат элитасын қалыптастыруда. Біздің өнегелі дарынды балаларымыз зият пен табандылықтың табысқа жеткізетінін көрсетіп отыр.
«KazChess Awards – бүгінгі қаһармандарға алғыс білдіру ғана емес, сондай-ақ бұл ертеңгі чемпиондар үшін мықты бағдар. Біз Қазақстандағы әрбір жас шахматшының табандылық, әділ ойын және кемелдікке ұмтылудың міндетті түрде құрметке бөлейтінін көргенін қалаймыз. Еліміздің шалғай аудандарында тұратын балалардың сапалы білім алуы, турнирлерге қатысуы және өздерін Қазақстанның үлкен шахмат қоғамдастығының бір бөлігі ретінде сезінуі маңызды. Бұл үшін біз жас дарын иелерін қолдауды, шахмат инфрақұрылымын жетілдіруді, дайындықты үздік әдістерін енгізуді, шахмат саласын цифрландыруды және, әрине, әлемдік деңгейдегі беделді турнирлер өткізуді жалғастырамыз» Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов
Үшінші KazChess Awards іс-шарасы ең ауқымды және ең көп талқыланатын оқиға болмақ.
2025 жылы жеңімпаздар 14 номинацияда анықталады:
- Үздік спортшы
- Үздік спортшы қыз
- Жыл юниоры (ұл балалар)
- Жыл юниоры (қыз балалар)
- Жыл жаттықтырушысы
- Жыл төрешісі
- Сеньорлар арасындағы үздік
- Сеньоралар арасындағы үздік
- Жыл амбассадоры
- Жылдың ақпараттық серіктесі (БАҚ)
- Жыл командасы
- Жыл жаңалығы (халықаралық аренадағы дебют)
- KazChess үздік финалы
- Жыл серіктестері
- Жылдың ерекше спортшысы
Сыйлықтың тарихы және өткен жылдардың лауреаттары
2023 жыл, Алматы — 9 номинация:
KazChess Awards тарихы осынау қарапайым, бірақ мықты іс-шарадан басталды. Бірінші марапаттау рәсімі елімізде шахматтың дамуына шешуші үлес қосқан спортшыларды әділ іріктеу және марапаттау дәстүрінің негізін қалады.
- Жылдың спортшы қызы — Бибісара Асаубаева (блицтен 2021 және 2022 жылғы әлем чемпионы)
- Жыл спортшысы — Ринат Жұмабаев (блицтен 2022 жылғы Азия чемпионы)
- Жыл көшбасшысы — Жансая Әбдімәлік (2022 жылғы 44-ші Шахмат Олимпиадасының қола жүлдегері, 1-ші тақта)
- Жыл топжарғаны — Динара Сәдуақасова (рапидтен 2022 жылғы әлем вице-чемпионы)
- Жыл жаңалығы — Қазыбек Нөгербек (рапидтен 2022 жылғы әлем чемпионы және классикада 2022 жылғы әлем вице-чемпионы, 18 жасқа дейінгілер арасында)
- Жыл үміті — Зарина Нұрғалиева (2022 жылғы әлем чемпионы, 14 жасқа дейінгілер арасында)
- Жыл ұйымдастырушысы — Саят Игембердиев
- Жыл жаттықтырушысы — Ержан Шәкенов
- Жыл төрешісі — Олег Ринас
2024 жыл, Астана — 12 номинация:
Екінші марапаттау рәсімінің ауқымы одан да кең болды: номинациялар жаңа санаттармен толықты, ал лауреаттар құрамы жаттықтырушылардан бастап командаларға дейін еліміздің шахмат элитасының алуан түрлілігін толық көрсетті:
- Үздік спортшы — Алдияр Аңсат
- Үздік спортшы қыз — Ксения Балабаева
- Жыл үміті — Данис Қуандықұлы
- Үздік команда — Қазақстанның әйелдер құрамасы
- Жыл өрлеуі — Зарина Нұрғалиева
- Үздік жаттықтырушы — Павел Коцур және Александр Моисеенко
- Үздік төреші — Кәусар Бауыржан
- Ардагерлер арасындағы үздіктер — Ирина Буланова мен Айтқазы Баймұрзин
- Жылдың үздік партиясы — Әлішер Сүлейменов (Дохада өткен Qatar Masters Open 2023 турнирінде Магнус Карлсенді жеңгені үшін)
- Үздік шахмат шолушысы — Александр Ляхов
- БАҚ ішіндегі үздік серіктес — «Курсив»
- Үздік телеарна — Qazsport
2025 жылғы салтанатты іс-шарада танымал көшбасшылардан бастап жас таланттарға дейін Қазақстан шахматының көптеген жұлдызын кездестіруге болады. Шақырылған спортшылардың қатарында әйелдер құрамасының көшбасшысы, блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, блицтен Азия чемпиондары Ксения Балабаева мен Алуа Нұрман, еліміздің екі дүркін чемпиондары Меруерт Камалиденова мен Денис Махнёв, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы 2024 жылғы әлем чемпионы Қазыбек Нөгербек және ұлттық чемпионаттың ең жас жеңімпазы Алдияр Аңсат бар.
KazChess Awards салтанатты рәсімі үздіктерді марапаттаумен шектелмейді — мұнда Қазақстан шахматының келбетін қалыптастыратын мықты тұлғалардың есімдері тарихқа жазылады. Бұл ұзақ жылдар еңбектеніп көпшілік құрметіне бөлену. 2025 жылғы салтанатты рәсім есте қалатыны сөзсіз: дәл осындай іс-шараларда дәуірдің символына айналған жеңіс – мысалы, Будапешт қаласында өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасының күміс жүлде алуы немесе Әлішер Сүлейменовтің Магнус Карлсенді жеңуі сияқты ерекше нәтиже көрсеткен тұлғаларға құрмет көрсетіледі.