«Дарбаза» полигонында әскерге шақырылғандар жауынгерлік сынақтан өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Түркістан облысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасына көктемде әскерге келген 200-ге жуық сарбаз алғашқы жауынгерлік атыстарды орындап, ұрысқа барынша жақын жағдайда іс-қимылдарды пысықтады.
Жас жауынгерлер АК-74 қаруынан іс жүзінде алғаш рет оқ атып, қарсыластың шартты броньды көліктеріне жертөледе жатып қол гранаталарын лақтырды, оған қоса танк сынағынан өтті. Жас жауынгерлер 40 тонналық шынжыр табанды машина мен зуылдаған оқ астында қорқынышты жеңіп, шартты қарсыластың сауытты көлігін жоюды үйренді.
Әскери қызметшілерге практикалық іс-қимылдар алдында Т-72 танкінің, атыс қаруы мен жарылғыш заттардың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеу сабақтары өткізілді. Сынақтардың барлық кезеңдерін бірінші болып командирлер мен сержанттар өтті, жауынгерлік тапсырмаларды орындау техникасын бірінші өздері көрсетіп, содан кейін әскерге жаңа келгендер орындап шықты.
– Бүгін біз алғаш рет жауынгерлік қарудан оқ атып, граната лақтырып, жертөлелер мен түтін арасынан, сым қоршаулардан өттік. Мұның бәрі зуылдаған оқ пен танк гүрілінің астында болды. Ұмытылмайтын сәттер. Енді біз – нағыз сарбаздармыз, – деп бөлісті қатардағы жауынгер Кирилл Петров.
Командирлердің пікірінше, дәл осындай жаттығуларда әскери қызметшілердің жауынгерлік және дене шынықтыру деңгейі артып, төзімділік, байсалдылық және жылдам ден қою қабілеті дамиды.
Практикалық сабақтар аяқталғаннан кейін бөлімше командирлері қорытынды шығарды. Олар жеке құрамның жұмылу деңгейін жоғары деп атап өтіп, жауынгерлерді алғашқы әскери дайындық курсының маңызды кезеңдерінің бірін сәтті өтуімен құттықтады. Алда әлі әскери ант қабылдау және Отан игілігі жолында қызметті жалғастыру күтіп тұр.