Алматыдағы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде запасқа шығарылатын 1-2024 шақырылым сарбаздарының ішінен қызмет өткеру кезінде ерекше құлшыныс танытқан және жауынгерлік даярлықғы бойынша ерекшеленген 65 сарбазға жоғары оқу орындарында ақысыз оқуға мүмкіндік беретін арнайы сертификаттар табыс етілді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мұндай сертификаттар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдері бойынша 200-ге жуық сарбаз ие болды. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған сарбаздарға грант ұсынып отырған жоғары оқу орындары: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Астана ІТ университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық зерттеу-техникалық университеті және басқа да әр облыстағы көптеген белді оқу орындары.
Бұл жоба азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру және армияның беделін арттыру мақсатында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылуда.
Іс-шараға әскери бөлімнің ардагерлері де келіп қатысты, олар жоғары оқу орнына жолдама алған сарбаздарды құттықтап, болашақтарына сәттілік тіледі!
Осындай сертификаттың біріне ие болған қатардағы жауынгер Дамир Қалымбаев:
"Мен бүгін қолыма Алматы қаласындағы Кенжеғали Сағадиев атындағы халықарадық бизнес университетіне түсуге жолдама алдым. Бұл оқу орнына түсу менің арманым еді. Сол арманыма бір жыл бойы әскерде абыройлы қызмет атқарып жүріп қол жеткіздім. Бұл сертификат - менің болашақ өміріме жақсы бағыт болады деп ойлаймын"
Айта кетейік, аталған әскери бөлімге мерзімдік әскери қызметін өтеу үшін шақырылған сарбаздар жыл бойы Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқарды.