Аумақтық қорғаныс жиындары: азаматтар әскери дайындықтан өтуде

4059
Фотосурет: Gov

«Айша бибі» полигонында Жамбыл облысы Талас ауданы әскери міндетті азаматтарының жиыны аяқталды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен запастағы әскери міндеттілер әскери дайындық негіздерін қайталап, аумақтық қорғаныс бригадасының құрамында оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтады.

– Әскери жиын – оқытылған резервті құрудағы маңызды кезең. Әскери міндеттілер ескі дағдыларын еске түсіріп қана қоймай, жаңа дүниелерді үйренді. Егер қажет болса, олар сенімді түрде қызметке де тұра алады, зауыттарды, әкімшілік ғимараттар мен инфрақұрылымды қорғауға қатыса алады, – деп түсіндірді Жамбыл облысы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі подполковник Данияр Мұратбеков.  

Әскери жиынға шақырылғандардың арасында Үшарал ауылдық округінің әкімі Самат Ақпанбетов те бар.

– Қазір ауыл шаруашылығында шаруа шаш етектен. Егін егу керек, техниканы бөлу мәселелерімен айналысу қажет, басқа да көптеген шаруашылық міндеттерді шешу керек, – деді С. Ақпанбетов. – Бірақ әскери дайындық – мемлекеттің маңызды басымдықтарының бірі, сондықтан жиынға шақыру келгенде, барлық шаруаны кейінге қалдыруға тура келді.

Тек фермерлерге ғана емес, басқа мамандықтардың өкілдеріне де жұмыстан шығу қиын болды. Мәселен, қауырт кезеңге қарамастан, Талас ауданы білім бөлімінің бастығы Мақсат Қазанғапов та полигоннан табылды. 

– Практикалық сабақтарсыз дағдылар ұмытылатынын жақсы түсінемін, өз саламда да білім мен дағды деңгейін сақтауға ерекше көңіл бөлемін, – деп атап өтті М. Қазанғапов. – Сондықтан жаңа тәжірибе жинақтау үшін жиындарға қатысуға шақыруға дайын болу керек. 

Оқу-жауынгерлік тапсырмалар нақты жағдайға жақын пысықталды. Жиын қорытындысы бойынша Жамбыл облысы аумақтық қорғаныс бригадасының басшылығы жергілікті әскери басқару органдарына ерекше көзге түскен жауынгерлерге кезекті әскери атақ беру туралы өтініш білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -