Қазақстанда 14,3 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылғы 1 мамырға жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 283 шетел азаматы еңбек етеді.
Шетел жұмыс күшін (ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 567 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 379 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 392 және 1 037 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 271 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 637 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 808 жұмыс беруші бар. Оларда 352 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,1% - ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 027 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 2 271 адам, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 329 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 252 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 5 054 адам, Өзбекстан – 1 926 адам, Түркия – 1 079 адам, Үндістан – 1 078 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге саламыз. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды.