Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Балалардың әл-ауқаты – мемлекеттің қамқорлығы» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) өкілі балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып берді. Биыл бұл мақсатта 1,7 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі, доктор Рашед Мұстафа Сарвар, сондай-ақ елорда мектептерінің оқушылары қатысты. Қатысушылар балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігі мен дамуы мәселелері бойынша пікір алмасты. Білім, денсаулық сақтау, ішкі істер және төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдері ведомстволардың атқарып жатқан шараларына тоқталды.
ЕХӘҚМ әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Аймағамбетов баяндама жасап, балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау шараларының кешенін ұсынды. Өз сөзінде ол әлеуметтік қолдау республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақылардың 5 түрін және отбасының табысына қарамастан жүргізілетін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін төлемдердің 2 түрін қамтитын көп деңгейлі жүйе арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Ағымдағы жылы осы мақсатта республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,7 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді (РБ – 870,7 млрд теңге, МӘСҚ – 855,9 млрд теңге). Бүгінгі таңда балалары бар 2 миллионға жуық отбасы жәрдемақы мен төлем алушылар санатына кіреді.
"Ана мен баланы қорғау Қазақстанның әлеуметтік саясатының басты назарында қала береді. Біз барлық қолданыстағы қолдау шараларын сақтаймыз және жыл сайын төлемдерді индекстейміз. 2025 жылы жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға ұлғайды" Асқар Аймағамбетов
ЕХӘҚМ өкілі бұл жүйе отбасылардың әртүрлі санаттарын қамтитынын және мемлекеттік қолдау шаралары біржолғы қаржылық көмек көрсетуге де, ай сайынғы төлемдер түрінде жүйелі көмекке де бағытталғанын түсіндірді.
Базалық деңгейде республикалық бюджет қаражаты есебінен бала тууға біржолғы жәрдемақы беріледі. Бірінші, екінші және үшінші балаларға – 38 АЕК (149 416 теңге), ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (247 716 теңге) төленеді. 2025 жылдың 4 айында 21,1 млрд теңге сомасында 117 мың адам жәрдемақы алды.
Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған.
Жәрдемақының бұл түрі екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 5,76 АЕК-тен (22 648 теңге) 8,90 АЕК-ке (34 995 теңге) дейін ұлғайта отырып, баланың туу кезегіне байланысты төленеді. 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жәрдемақы алушылар саны орта есеппен 123,3 мың адам, оларға 14,4 млрд теңге төленді", – деп түсіндірді ЕХӘҚМ өкілі.
Жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-дан біржолғы төлемдер тағайындалады. Төлем мөлшері әйелдің соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты бекітіледі және бүгінгі күні орташа есеппен 1,6 млн теңгені құрайды. 4 айдың қорытындысы бойынша бұл төлемді жалпы сомасы 117,3 млрд теңгеге 81,8 мың адам алды.
Сондай-ақ МӘСҚ-дан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бала туған күннен бастап бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады. Ағымдағы жылдың 4 айында бұл төлем 147 млрд теңге сомасына 88,8 мың адамға берілді, орташа мөлшері 91,9 мың теңгені құрады.
Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін әйелдер үшін 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңде олардың зейнетақы жинақтарының ұлғаюына ықпал ететін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді.
Сондай-ақ Асқар Аймағамбетов 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу туралы айтып берді.
"Төлем мөлшері балалар санына қарай сараланды: 4 бала – 63 030 теңге, 5 бала – 78 798 теңге, 6 бала – 94 565 теңге, 7 бала – 110 332 теңге, 8 және одан да көп бала – әр балаға 15 728 (4 АЕК) теңгеден. Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға орта есеппен 176 млрд теңгеге 611,5 мың отбасы жәрдемақы алды" Асқар Аймағамбетов
Көп балалы аналардың беделін арттыру үшін өмір бойы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады, ол табысына қарамастан, "Күміс алқа" және "Алтын алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған әйелдерге төленеді. Бүгінгі таңда 242 мың марапатталған көп балалы ана жәрдемақы алушылар болып табылады, оларға 25,9 млрд теңге төленді.
Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттен мүгедек бала кәмелетке толғанға дейін оған күтім жасау бойынша жәрдемақы төленеді, оның мөлшері 74 428 (1,61 ЕТКД) теңгені құрайды. Жыл басынан бері 33,7 млрд теңге сомасына 111,7 мың адам алды.
Отбасының бір мүшесінің табысы кедейліктің белгіленген шегінен төмен отбасылар үшін мемлекет атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді, оның шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем де жүзеге асырылады. Бұл төлемнің мөлшері 1,5 АЕК құрайды, бұл 2025 жылы әр бала үшін 5 898 теңгеге тең. Ағымдағы жылдың 1 мамырына бұл төлем 1,4 млрд теңге сомасына 74,4 мың балаға тағайындалды.
"Аталған шаралар балалы отбасыларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге мемлекеттің жүйелі көзқарасын айғақтайды" Асқар Аймағамбетов