Өмірде әр адам баласының тағдырына әкенің қосар үлесі зор. Мәселен, менің бүгінгі кейіпкерім Нұрбек Кунашевтің әкесі авиация саласының механигі болған. Әкесін үлгі тұтқан Нұрбек те көп ұзамай осы саласының маманы болып шыға келді. Осылайша, оның әкесі болашақ офицердің өмірдегі жолын табуға бағыт-бағдар берген. Ол бүгінде өз кәсібінің білікті маманы, аяулы жар, балаларының сүйікті әкесі, сонымен қатар әрдайым ізденісте жүретін офицер.
Бүгінгі таңда Кунашев Нұрбек Әділгерейұлы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында авиация бөлімінде ұшу қауіпсіздігі жөніндегі аға офицер қызметін атқарады. Ол әкеден дарыған арман мен ананың ақ тілегі арқасында еліміздің әуе қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Кейіпкеріміз 1984 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. Бала күнінен авиацияға қызығушылығы ерекше болған. Бұл әуестіктің тамыры тереңде — әкесі Әділгерей Кунашев те авиация саласында механик болған. Сол бір тылсым дүниенің қызығы мен қиындығын бала жүрекпен қабылдаған ұл, есейе келе сол жолды өзі де таңдады. Мектепті тәмамдаған соң, Нұрбек Ақтөбедегі ұшқыштар институтына оқуға түседі. Білім жолындағы ізденісі мұнымен шектелмей, ол Алматыдағы азаматтық авиация академиясын аяқтап, кейін Ресейдің Самара қаласындағы аэроғарыш университетінен магистр дәрежесін алып шықтыі. Ол бұрын «Литерлік жасақтың экспозициялық бөлімінің техника бастығы» қызметін де абыроймен атқарған. Аға борт-инструктор қызметінен бастап, әр лауазымда өз саласының маманы екенін дәлелдеп келеді.
Капитан Кунашевтің айтуынша, ұшу қауіпсіздігі — жай ғана ережелерден тұрмайды, бұл — адам өмірі мен техниканың тағдырына тікелей ықпал ететін шешімдер жиынтығы. Нұрбек мырза қазіргі қызметінде үш айдан бері қызметін абыроймен атқаруда, жалпы әуе күштеріндегі тәжірибесі 18 жылдан асып жығылады.
— Біздің міндетіміз — ұшуға дейінгі дайындықтың барлық кезеңін мұқият тексеру, экипаж мүшелерінің психологиялық жай-күйінен бастап, техниканың ақаусыздығына дейін қадағалау. Ұшу кезінде орын алатын кез келген төтенше жағдайдың алдын алу үшін күн-түн демей жұмыс істейміз, тек ұшқыштарға емес, құрылым басшылығына, тиісті органға нақты, дәлелді шешім ұсынамыз. Егер бір элемент күмән тудырса – ұшуға рұқсат берілмейді. Бұл – принцип, – дейді офицер.
18 жыл атқарған қызметі барысында іс-сапармен Ресей Федерациясында, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Әзірбайжан, Украина, Молдавия, Беларусь елдерінде болған. Сол кездерде экипаж құрамында қызмет еткенін тілге тиек етті. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін саланың ең қиын тұсы — тосыннан жаман хабарлардың келуі. Сондықтан олар адам өлімі, ұшақтың ақауы сынды жағдайларды болдырмау үшін барын салады.
«Отан отбасынан басталады» демекші жұбайы Жаңыл Акимбекова қазіргі кезде ауруханада медбике болып жұмыс атқарады. Ерлі-зайыптылар 4 ұл 1 қыз тәрбиелеп отыр. Отбасында бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, жұмыстан тыс уақытта балаларын түрлі саябақтарға, ойын-сауық кешендеріне апарып қыдыртады. Ұл-қыздарының есімдері де ұлт пен ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі деуге болады: Мейрамбек, Сұлтанбек, Серік, Ескендір, Аяулым. Әуе офицерінің жас ұрпаққа айтар кеңесі де жүрекке жетерлік: «Тіл табысқыш болыңдар. Жігерлі болыңдар. Әскери қызметтің ауырлығын шегінбей көтере білу – нағыз ерліктің белгісі. Авиация – тек техникалық сала емес, ол – жүрек пен сананың бірлігі. Егер шын элита болғың келсе – авиацияны таңда». Бұл сөздер – бүгінгі жастарға бағытталған шынайы тілек.
Әкеден балаға жалғасқан арман — бүгінде ел тыныштығын күзетіп жүрген ұшқыштың өмір жолына айналды. Болашақта оның да балалары авиация саласы мамандығын таңдап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, үлкен династия құрады деген сенімдеміз.
Шұғыла Сабыр