Қала прокуратурасы, полиция органдары және жергілікті атқарушы органдарымен бірге вандализмге қарсы күресті үйлестіру жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жыл басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін 80 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 54 адам қамаққа алынды, 26 құқықбұзушыға жалпы сомасы 4,6 млн теңге айыппұл салынды.
Мысалы, ағымдағы жылдың 10 мамырында сағат 07.00-де «Женева» тұрғын үй кешенінің кіреберістерінің бірінде лифт конструкциясын қасақана зақымдап, аяғымен шыны есікті сындырған астаналық тұрғын 5 тәулікке қамауға алынды. Ол 40 мың теңгеге шығын келтірді.
Басқа жағдайда 28 жастағы қала тұрғыны мас күйінде дүкеннің әйнек терезесін кірпішпен сындырған.
Прокуратура қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық және айналасындағыларға сыйламаушылық білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттері үшін 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза көзделгенін ескертеді.