Алматы-2 теміржол вокзалына Қытайдан келген «Сиань-Алматы» бағытындағы алғашқы халықаралық туристік пойыз келіп жетті. Қытайдан келген туристерді қарсы алу құрметіне перронда ұлттық өнер көрсетіліп, домбыраның әуезді күйі шырқалған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға қос елдің мемлекеттік және көлік салаларының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Сиань қаласының мәдениет және туризм басқармасының директоры, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары, ҚР Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің Төрағасы, ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің Төрағасы қатысты.
«Ұлттық тасымалдаушы «Сиань – Алматы» бағытындағы халықаралық туристік пойыздың жолаушыларын қарсы алуға қуанышты. Пойыздың Қазақстан аумағымен қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілді.Халықаралық бағдардың ерекшеліктерін ескере отырып, пойыз қозғалысына арналған арнайы кесте әзірленді» «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов
Құрам 9 вагоннан тұрады. Туристік делегация құрамында 246 адам бар. Олардың қатарында кәсіпкерлер, ғалымдар, мәдениет пен спорт саласының танымал өкілдері бар. Қытайлық қонақтар бес күн бойы еліміздің оңтүстік астанасының тарихи-мәдени ерекшеліктерімен танысып, түрлі шараларға қатысады. Бағдарлама аясында төмендегідей іс-шаралар жоспарланған:
- 1 маусым – Сиань–Алматы мәдени туризм апталығының ресми ашылуы және қарсы алу рәсімі;
- 2 маусым – Республика сарайы алдындағы алаңда өтетін ауқымды мәдени-гуманитарлық фестиваль;
- 3 маусым – Алматы қаласының мұражайлары мен көрнекті орындарына экскурсиялар;
- 4 маусым – жастар мен спортшыларға арналған іс-шаралар, соның ішінде достық матчтар мен әйел кәсіпкерлерімен кездесулер;
- 5–6 маусым – пойыздың кері бағытта жолға шығуы;
- 7 маусым, сағат 18:30 (Пекин уақытымен) – пойыздың Сиань қаласына оралуы.
Аталған жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени қарым-қатынасты тереңдетіп, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отырған бастама — теміржол туризмін дамыту және Қазақстанның халықаралық туристік мәртебесін арттыруға бағытталған басым жобалардың бірі.
Пойыз Үрімжі қаласы арқылы өтіп, Қорғас халықаралық шекарасына тоқтады. Мұнда пойыздың дөңгелек жұптары ауыстырылды. Одан әрі пойыз Алтынкөл станциясы арқылы Алматы қаласына келіп жетті.
Туристік пойыз жобасы «ҚТЖ» ҰК» АҚ бастамасымен жүзеге асырылып, оған Шэньси провинциясы үкіметі, Сиань қаласының және Алматы қаласының әкімдіктері, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі қолдау көрсетті.