Елордада Балаларды қорғау күніне орай II Халықаралық клоундар фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара Нұржол желекжолында әртүрлі елдердің өнерпаздары қатысатын клоундар шеруімен басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль қатысушылары «Бәйтерек» монументінен «Хан Шатыр» СОСО-ның қарсы бетінде орналасқан «Ғашықтар» паркіне дейінгі желекжолмен жүріп өтті. Мерекелік іс-шара Kazmedia Hall сахнасында ең жас елордалықтарға арналған қайырымдылық гала-концертпен аяқталады.
«Бүгін 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордадағы Бәйтерек монументі жанында жиналдық. Өте керемет бағдарлама ұйымдастырылған. Іс-шараны тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтары өте көп. Бізбен суретке түсіп, өте көтеріңкі көңіл күйде жүр», - деді шеруге қатысқан Ділназ Ертаева.
Айта кетейік, фестивальге Қазақстан, Италия, Испания, Ресей мен Бельгия өнерпаздары қатысады. Онда танымал Мұтырғановтар отбасы, тараздық клоундар, Санкт-Петербор қаласынан келген «Лицедеи» театрының әртістері, испаниялық Хуго Санчес, италиялық жұп Дэнни мен Диво, белгиялық Барто клоуны өнер көрсетеді.